Алматыда қоғамдық көлікте ит, мысық және басқа да үй жануарларын тегін алып жүруге болады. Алайда жолаушылар жануарларды тасымалдау кезінде бірқатар талапты сақтауы керек. Бұл туралы "Алматыэлектротранс" компаниясы хабарлады.
Компания мәліметінше, мысықтар, құстар мен кішкентай иттерді жабық себетте немесе арнайы сөмкеде тасымалдау қажет. Оларды жолаушы тізесінде немесе аяғының жанында ұстауы керек. Жануарға бөлек орындық беруге болмайды.
"Тасымалдауышсыз иттерді қоғамдық көлікке қысқа жетекпен және тұмылдырықпен алып кіруге рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда иесіне жинақтау алаңында тұрған жөн. Бұл кенет тежелу кезінде жануардың да, өзге жолаушылардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Алматыда ерекше жауапкершілікті талап ететін ит тұқымдарына тұмылдырық тағу міндетті. Олардың қатарында алабай, кавказ және неміс овчаркалары, ротвейлер, доберман, питбультерьер, стаффордширлік терьер, неміс догы және басқа да тұқымдар бар. Мұндай иттерді қоғамдық көлікте тек 18 жастан асқан адамның алып жүруіне рұқсат етіледі", – делінген хабарламада.
Үш айға толмаған күшіктерге, шоқысының биіктігі 25 сантиметрден аспайтын сәндік иттерге және тұмсығы қысқа тұқымдарға тұмылдырық тағу міндетті емес. Дегенмен кішкентай иттерді де арнайы тасымалдауышта алып жүру қажет.
Егер ит тұмылдырықсыз болып, жолаушыларға қауіп төндірсе, жүргізуші немесе көлік қызметкерлері иесінен жануарымен бірге автобустан түсуді талап етуі мүмкін.
Еске салайық, Алматыда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шығарындылар деңгейі төмен аймақ (LEZ) аумағында көмір сатуға тыйым салу жоспарланып отыр.