Алматы тұрғыны Зухра Валиева жасанды интеллект көмегімен жасалған дипфейктің құрбаны болды. Алаяқтар оның фотосуретін пайдаланып, төрт виртуалды есепшот ашқан. Кейін әйелдің атына жалпы сомасы 35 миллион теңге несие рәсімдеген. Зардап шеккен тұрғын банктердің қауіпсіздік талаптарына күмән келтіріп, полиция мен прокуратураға шағым түсірген, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Дипфейк технологиясы адамның фотосуреті немесе бейнесі негізінде жалған видео жасауға мүмкіндік береді. Алаяқтар осы әдісті пайдаланып, банктердің биометриялық тексеруінен өтіп, азаматтардың атынан есепшот ашуға көшкен. Мұндай шоттар арқылы кейін ірі көлемде ақша аударылып, заңсыз қаржылық операциялар жасалуы мүмкін.
Осы схеманың құрбаны болған Зухра Валиеваның айтуынша, оған белгісіз әйел хабарласып, өзі көрсеткен мекенжайдан сатып алған жиһазын таба алмағанын айтқан. Алайда алматылық тұрғын ешкімге жиһаз сатпағанын жеткізген. Кейін мән-жайды анықтаған кезде алаяқтар оның фотосуретін пайдаланып, атына төрт виртуалды есепшот ашқаны белгілі болған. Соның салдарынан әйелдің атына 35 миллион теңге несие рәсімделген.
"Маған бір әйел хабарласып, "сіз айтқан мекенжайға бардым, бірақ жиһазды таппадым" деді. Мен түсінбей қалдым. Ешкімге ештеңе сатпағанымды білемін. Ол маған арыз жазатынын айтты. Анықтасам, алаяқтар менің атыма төрт виртуалды есепшот ашыпты. Қызығы, менің фотом арқылы ғана осының бәрін істеген. Банк бұған қалай жол берді? Қауіпсіздік талаптары қайда қалды сонда?", – дейді Зухра Валиева.
Банктердің қауіпсіздік талаптары күшейтілмек
Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктердің мобильді қосымшаларының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар күшейтілгенін хабарлады. Енді клиент жаңа құрылғыдан жүйеге кіргенде, құпиясөзін өзгерткенде немесе қосымшаны алғаш рет тіркегенде биометриялық және қосымша екі факторлы тексеруден өтуі тиіс. Бұдан бөлек, қаржы ұйымдары күдікті операцияларды анықтап, оларды уақытша тоқтатуға мүмкіндік беретін антифрод-жүйелерді қолдануға міндетті.
"Банктер операцияларға мониторинг жүргізуді, күдікті транзакцияларды уақытша тоқтату және қабылдамау мүмкіндігін қамтамасыз ететін антифрод-жүйелерді пайдалануға, сессиялық антифрод тетіктерін қолдануға, сондай-ақ дропперлерді анықтап, оларға электрондық банктік қызметтер көрсетуді тоқтата тұруға міндетті", – деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Мамандар банк шотынан өзі жасамаған операцияларды байқаған азаматтарға дереу қаржы ұйымына хабарласып, есепшотын бұғаттауға және құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді.
Ал 35 миллион теңге қарызға қалған Зухра Валиева полиция мен прокуратураға шағым түсірген. Әзірге оның атына рәсімделген несиелердің күшін жою мәселесі қалай шешілетіні белгісіз.