Алматы тауларында ауа райының суытуына байланысты өздігінен төмен түсе алмаған екі турист құтқарылды. Оларға Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері көмектесті.
ТЖМ мәліметінше, оқиға Қарасай ауданында болған. 2003 және 2004 жылы туған екі жігіт 2 600 метр биіктіктегі "Терра" алаңы маңында жүрген. Ауа температурасы төмендеген соң олар таудан өздігінен түсе алмай қалған.
Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығының қызметкерлері туристерді қауіпсіз жерге, экологиялық бекетке дейін алып түсті. Оларға медициналық көмек қажет болмаған. Кейін екеуі үйлеріне өз бетімен кеткен.
Төтенше жағдайлар министрлігі тауға шығар алдында маршрутты алдын ала жоспарлап, ауа райы болжамы мен күннің бату уақытын ескеруге шақырды. Сондай-ақ туристерге белгіленген соқпақтан шықпай, өз мүмкіндігін дұрыс бағалау қажеттігі ескертілді.
Еске салайық, алдағы үш күнде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында ауа райы құбылмалы болады.