Атырау облысында бірнеше адамның өліміне қатысты резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Кезекті отырыста айыпталушы Сұлтан Сарсемәлиевтің тергеу барысында берген бейнежауаптары, байланыс деректері мен сот сараптамаларының қорытындылары зерттелді, деп хабарлайды "Ақ Жайық".
Сотта көрсетілген бейнежазбаларда Сарсемәлиев бұрынғы қайын атасы Мақсот Қарабалин мен бұрынғы енесі Нәсіп Өтешқалиеваны қасақана өлтіргенін мойындаған. Оның айтуынша, қылмыс алдын ала ойластырылып жасалған.
Мемлекеттік айыптаушы сотқа ұсынған деректерге сәйкес, қаза болғандар мен іс фигуранттарының ұялы байланыс нөмірлері бірнеше кезеңде бірдей аумақта тіркелген. Тергеу бұл мәліметтерді істің мән-жайын анықтайтын маңызды дәлелдердің бірі ретінде қарастырып отыр.
Отырыс барысында Ақбаян Мұқанғалиеваға жүргізілген психиатриялық сараптама қорытындысы да жарияланды. Сарапшылар оған деменция диагнозы қойылғанын және өз әрекеттеріне толық баға бере алмайтынын көрсеткен. Сонымен қатар сотта қаза болғандарға жүргізілген сот-медициналық сараптамалардың нәтижелері зерттелді. Сараптама қорытындылары бойынша Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиева көптеген пышақ жарақатынан және көп қан жоғалтудан көз жұмған. Марқұмдардың денелерінен бірнеше ауыр жарақат анықталған.
Іс материалдарында Мейрамгүл Қарабалинаның денесінен ондаған пышақ жарақаты табылғаны айтылды. Сарапшылар оның өліміне көп мөлшерде қан жоғалту себеп болғанын көрсеткен. Қосымша сараптамалар қорадағы кейбір заттардан қан іздері табылғанын анықтаған. Бұл деректер де қылмыстық іс материалдарына тіркелген.
Сот-психологиялық сараптама нәтижесі бойынша Сұлтан Сарсемәлиев қылмыс жасаған сәтте өз әрекеттерінің мәнін толық түсініп, оларды басқара алған. Сарапшылар оның физиологиялық аффект күйінде болмағанын мәлімдеген.
Іс бойынша келесі сот отырысы 16 маусымға белгіленді. Сол күні айыпталушының күдікті ретінде берген жауаптары тыңдалып, сот процесі келесі кезеңге өтеді.