Тікелей эфир

Үкіметтік комиссия: Bek Air ұшағына мұз қатуы – оның апатқа ұшырауының негізгі нұсқасы

Алмаз Төлекенің фотосы
Алмаз Төлекенің фотосы
Бүгін Нұр-Cұлтанда Үкіметтік комиссия тексеру жұмыстарының алдын-ала нәтижелерімен таныстырды.

Премьер-министрдің орынбасары, үкіметтік комиссия мүшесі Роман Склярдың мәлімдеуінше, өткен жылдың 27 желтоқсанында Алматы маңында Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырауының негізгі нұсқасы – әуе кемесіне мұз қатуы. Ұшар алдында ұшақты мұз басуына жол бермейтін арнайы сұйықтық оның тұрақтандырғышына ғана жағылғаны белгілі болды. Ал, ұшақтың қанаттары назардан тыс қалған.

Ұшақ апаты туралы толығырақ мына жерден оқуға болады: Алматы маңында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. Қаза тапқандар бар

Роман Скляр апат болардан бір күн бұрын Алматы әуежайында 5 әуе кемесін сұйықтықпен өңдеу жұмыстары жасалғанын айтты. Ал, қалған бесеуі өңделмеген. Олардың қатарында 27 желтоқсан күні таңғы сағат 5:30-да Алматы – Атырау бағытында ұшып кеткен ұшақ та бар. Қазір комиссия бұл мәселені тексеріп жатыр.

Үкіметтік комиссия апатқа әсер етуі мүмкін делінген келесі негізгі 4 себепті зерттеген болатын:

  • Коммерциялық жүктің бұзылуы және әуе кемесінің орталығы;
  • Сыртқы факторлардың әсері, метеорологиялық жағдай;
  • Экипаж мүшелерінің қателігі;
  • Техниканың істен шығуы.

4 себеп ішінде Үкіметтік комиссия ұшаққа мұз қатуын басты себеп деп атағанымен, техниканың істен шығуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды. Тиісінше, бұл нұсқа да қаралып жатыр. Алайда, комиссия мүшелері ұшар алдында техникалық жұмыстарға қатысты ешқандай ескерту жасалмағанын айтады.

Оқи отырыңыз: "Ұшақ үйге соғылмаса, адамдар аман қалатын еді". Bek Air басшысы апатқа қатысты өз ұстанымын білдірді

Роман Склярдың сөзінше, қазір Алматы облысының жемқорлыққа қарсы қызметі әуежай маңындағы жер телімдерінің заңсыз берілуіне қатысты тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Талғар аудандық әкімдігіндегі лауазымды тұлғалар қызмет бабын асыра пайдаланып, 2015-2019 жылдар аралығында әуежайдың санитарлық-қорғау зонасында орналасқан жер телімдерін беруге заңсыз шешімдер шығарып отырған. Жер телімдері қосалқы шаруашылық жүргізуге және тұрғын үй салуға берілген," – деді премьер-министрдің орынбасары.

Комиссия мүшелері ұшақ ұшқан соң 10 секундтан кейін екінші пилот қозғалтқыш жұмысының режимін азайтып, тоқтауға талпынғанын мәлімдеді. Алайда, ұшқыш қозғалтқыштардың жұмыс режимін қайта күшейтіп, ұшақ ұшуын жалғастырған. Бұл ақпаратты әуе кемесіндегі өздігінен жазғыш құралдағы экипаж мүшелерінің арасындағы әңгіме растайды.

Оқи отырыңыз: Bek Air ұшағы соғылған үй иесі баспанасын заңдастырып үлгермеген

Мемлекетаралық авиация комитетінің бас директоры Виктор Сороченко мұндай әуе апаттарының тексеру жұмыстары бірнеше айға, тіпті, бір жылдан астам уақытқа созылуы мүмкін екенін айтты.

Қазір Қазақстанның авиация әкімшілігі Британ азаматтық авиация агенттігі және Еуропалық азаматтық авиация агенттігімен бірігіп, Bek Air компаниясының қызметін тексеріп жатыр. Әуе компаниясы бұдан былай жұмыс істей ала ма, жоқ па, ол тексеріс толық аяқталған соң белгілі болады.

Серіктестер жаңалықтары