АҚШ Ұлттық мұхит және атмосфералық зерттеулер басқармасы (NOAA) күз және қыс мезгілдерінде өте күшті Эль-Ниньо құбылысының орын алу ықтималдығы 90 пайыздан жоғары екенін хабарлады. Ал оның 1950 жылдан бері тіркелген ең күшті Эль-Ниньо болуының ықтималдығы 69 пайыз деп бағаланып отыр.
Анадолы агенттігінің тілшісі Эль-Ниньо құбылысы мен оның әсеріне қатысты жиі қойылатын сұрақтарға жауап әзірледі. Информбюро порталы материалды түрікшеден қазақшаға аударды.
№1. Эль-Ниньо деген не?
Эль-Ниньо испан тілінен "ұл бала" деп аударылады. Эль-Нино – экваторлық Тынық мұхитының орталық және шығыс бөліктерінде теңіз беті температурасының қалыпты деңгейден жоғарылауынан туындайтын ауа райы құбылысы.
Эль-Ниньо құбылысы экваторлық Тынық мұхитының орталық және шығыс бөліктерін қамтитын әрі Nino 3.4 деп аталатын аймақтағы теңіз суының температурасы белгілі бір деңгейге жеткен кезде басталады.
NOAA Эль-Ниньоның қалыптасқанын анықтау үшін осы аймақтағы теңіз беті температурасының үш айлық орташа көрсеткішін негізге алады. Егер мұхит температурасы қатарынан бес үш айлық кезең бойы қалыпты деңгейден 0,5 градусқа жоғары болса, Эль-Ниньо жағдайы қалыптасты деп есептеледі.
№2. Эль-Ниньо қашан басталды және қанша уақытқа созылады?
Эль-Ниньо құбылысы 2-7 жылда бір рет қайталанып, шамамен бір жылға созылады. NOAA соңғы Эль-Ниньо құбылысының маусым айында ресми түрде басталғанын хабарлады.
Тынық мұхитындағы теңіз суының температурасы қараша-желтоқсан-қаңтар аралығында шарықтау шегіне жетіп, кейін төмендейді деп күтіледі. Осыған байланысты Эль-Ниньо жағдайы 2027 жылдың көктемінде біртіндеп әлсірейді деген болжам бар.
№3. 2026-2027 жылдардағы Эль-Ниньоның бұрынғысынан қандай айырмашылығы бар?
Теңіз суының температурасы қалыпты деңгейден 2 градусқа жоғарылаған Эль-Ниньо кезеңдері "өте күшті Эль-Ниньо" немесе "Супер Эль-Ниньо" деп аталады. Бұған дейін 1982-1983, 1997-1998 және 2015-2016 жылдардағы Эль-Ниньо құбылыстары осы санатқа енген.
NOAA болжамына сәйкес, қазіргі Эль-Ниньо күз және қыс айларында өте күшті Эль-Ниньоға айналу ықтималдылығы 90 пайызға бағаланып отыр.
Өткен шілдеде Тынық мұхиты суларының температурасы қалыпты деңгейден 2 градусқа жоғары болғаны анықталды. Бұл ауытқу күшейе беріп, қазан-қараша-желтоқсан айларында 2,5 градустан асуы мүмкін деп күтіледі.
Бұл қазіргі Эль-Ниньоның "Супер Эль-Ниньо" болуымен қатар, тарихтағы ең күшті Эль-Ниньо құбылысы ретінде тіркелуі мүмкін екенін.
№4. Эль-Ниньо ауа райына қалай әсер етеді?
Талдауларға сәйкес, күшті Эль-Ниньо жаһандық орташа температураны шамамен 0,2 градусқа көтереді. Жер бетінің үштен біріне жуығын алып жатқан Тынық мұхиты атмосфера үшін орасан зор энергия мен ылғал көзі болып саналады.
Эль-Ниньо кезінде теңіз беті қызған сайын булану да күшейіп, атмосфераға жылу мен су буы көбірек таралады. Соның салдарынан кейбір аймақтарда температура көтерілсе, басқа өңірлерде нөсер жауын мен күшті дауыл жүйелері қалыптасуы мүмкін.
Қалыпты жағдайда жауын-шашын мол түсетін аймақтардың бірі – Тынық мұхитының батыс бөлігі. Алайда Эль-Ниньо кезінде жауын-шашынның таралу аймағы шығысқа қарай ығысуы мүмкін. Бұл атмосферадағы қысым мен жел жүйелеріне әсер етеді.
Өз кезегінде реактивті ағындар мен атмосфераның ауқымды циркуляциясы бұл өзгерістерге жауап беріп, мыңдаған шақырым қашықтағы аймақтардың ауа райына да ықпал етуі мүмкін.
№5. Қай аймақтар көбірек зардап шегеді?
Эль-Ниньоның әсері ең алдымен тропикалық аймақтарда қатты сезіледі. Әр Эль-Ниньоның күші бірдей болмаса да, әдетте мына аймақтарға әсер етеді:
- Перу мен Эквадорда жауын-шашынның көбеюі, су тасқыны, көшкін және жағалауды су басу;
- Оңтүстік Африка, Колумбия, Индонезия және Аустралияда құрғақшылық;
- Үндістанда муссондық жауын-шашынның азаюы;
- АҚШ-тың оңтүстігінде жауын-шашынның көбеюі, ал солтүстігінде ауа райының жылынуы;
- Бразилияның оңтүстігінде су тасқыны, солтүстігінде құрғақшылық байқалуы мүмкін.
Эль-Ниньо кезеңінде Атлант мұхитындағы дауыл маусымы да әдетте тынығырақ өтеді.
№6. Эль-Ниньоның тағы қандай әсері бар?
Эль-Ниньо температураның жоғарылауына әкелетін аймақтарда орман өрттерінің қаупін де арттырады.
Бұдан бөлек, құрғақшылық та, шамадан тыс жауын-шашын да ауыл шаруашылығына және әлемдегі азық-түлік қорына әсер етеді.
Оқи отырыңыз: Жаңбыр жауғызып, климатты реттейді: Қазақстан ғалымдары құрғақшылықты болдырмайтын технологияны сынақтан өткізіп жатыр
№7. Эль-Ниньо экономикаға, ауыл шаруашылығына және азық-түлік бағасына қаншалық әсер етеді?
Қазіргі Эль-Ниньоның салдары әлі толық байқала қоймағанымен, өткен жылдардағы Эль-Ниньо құбылыстарының әлемдік экономикаға триллиондаған доллар көлемінде шығын келтіргені болжанды.
Dartmouth College зерттеушілерінің 2023 жылы Science журналында жариялаған зерттеуіне сәйкес, 1997-1998 жылдары болған Эль-Ниньо кейінгі бес жыл ішінде әлемдік табыстың шамамен 5,7 триллион долларға азаюына себеп болған.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (FAO) маусым айында жасаған ескертуінде тәуекел деңгейі жоғары Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық Америка, Кариб бассейні, Сахель аймағы және Оңтүстік Африканың едәуір бөлігіндегі кейбір ауыл шаруашылығы алқаптары мен жайылымдарда құрғақшылық болу ықтималдығы 50 пайыздан асқанын мәлімдеген.
БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) күшейіп келе жатқан Эль-Ниньо құбылысынан 2027 жылдың соңына дейін кемінде 49 миллион адамға азық-түлік тапшы болуы мүмкін екенін ескертті.
№8. Эль-Ниньо мен Ла-Ниньяның айырмашылығы қандай?
Эль-Ниньоға қарама-қарсы фаза болып саналатын Ла-Нинья испан тілінде "қыз бала" деген мағынаны білдіреді. Ол экваторлық Тынық мұхитындағы теңіз беті температурасының қалыпты деңгейден төмендеуінен пайда болады және жаһандық орташа температураны төмендетуге бейім.
Алайда Эль-Ниньодан кейін әрдайым Ла-Нинья жағдайы қалыптаса бермейді. Бұл екі климаттық құбылыстың арасында бейтарап жағдай орнап, яғни қалыпты табиғи ауа райы құбылыстары басым болуы мүмкін.
№9. Климаттың өзгеруі мен Эль-Ниньо арасында байланыс бар ма?
Климаттың өзгеруі мен күшті Эль-Ниньо құбылыстарының арасындағы байланыс жөнінде ғылыми ортада нақты ортақ пікір қалыптаспаған. Дегенмен соңғы зерттеулер жаһандық жылыну күштірек Эль-Ниньо құбылыстарының пайда болуына ықпал етуі мүмкін екенін көрсетеді.
Ұлыбританиядағы Imperial College London зерттеушілерінің зерттеуіне сәйкес, Эль-Ниньо әсерінен теңіз беті температурасының шамадан тыс жоғарылауы 1960 жылға дейінгі көрсеткіштермен салыстырғанда шамамен 10 пайызға күшейген.