Тікелей эфир

Жаңаөзенде жұмыссыздарға Өзенмұнайгаздың мекемелерінен жұмыс орындары ұсынылды

Қалада мұнай саласында жұмысқа орналасуға 9996 адам кезекте тұр.

Жаңаөзенде мұнай компанияларының басшылары жергілікті әкімдікпен кездесіп, жұмыссыздық мәселесін талқылады, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мұнай өнеркәсібіне жұмысқа орналасу  мәселесі 2019-жылдан бері көтеріліп келеді. "Өзенмұнайгаз" АҚ және Жаңаөзен қаласы әкімдігі бірлесе құрған алгоритмге сәйкес "Өзенинвест" ЖШС, "Тазасу" ЖШС, "БН" ЖШС, "Өзенмұнайгаз" АҚ компаниялары бүгінге дейін 4 мыңға жуық азаматты жұмыспен қамтыған. Ал, сирек қолданыстағы мамандық бойынша 146 адам қызмет етіп жүр. 


Оқи отырыңыз: Астанада ұсталған жаңаөзендік 126 жұмысшының бесеуіне әкімшілік іс қозғалды


Алайда, Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту орталығының басшысы Ұлбазар Орынбаеваның айтуынша, мұнай өнеркәсібіне жұмысқа орналасу бойынша 9996 адам кезекте тұр.

"Қазіргі таңда 9996 адам кезекте тұрғанымен оның ішінде 415 адам жеке кәсіпкер, ал 4333 адамның зейнетақы қорына аударымы үздіксіз түсіп тұр. 2603 жұмыссыз азамат алгоритмге сәйкес кезекте тұр. Жұмысқа орналасқысы келген адам алдымен Өзенинвест мекемесінде уақытша қызмет етіп, аутсорсинг бойынша "Өзенмұнайгаз" АҚ-на тұрақты жұмысқа орналаса алады", – деді Ұлбазар Орынбаева.  


Оқи отырыңыз: Жаңаөзенде газ баллоны жарылып, 11 адам зардап шекті


"Өзенмұнайгаз" АҚ басшысы Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, "Өзенмұнайгаз" компаниясы 10 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.  Бұдан артық адамды жұмыспен қамту компанияның экономикалық жағдайына кері әсерін тигізеді. Сол себепті "Қазмұнайгаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов алдағы уақытта әлеуметтік жағдайы төмен, жұмыссыз жандарға алгоритм аясында "Өзенмұнайгаз" АҚ компаниясына қарасты еншілес мекемелерге жұмысқа орналасуға ұсыныс білдірді. 

Айта кетейік, осы мәселені тез арада шешу мақсатында қала әкімінің арнайы тапсырмасымен депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, компания және кәсіподақ өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылып, жан-жақты зерделеп шешім қабылдайды.

Серіктестер жаңалықтары