Астанада ұсталған жаңаөзендік 126 жұмысшының бесеуіне әкімшілік іс қозғалды. Бұл туралы мәжіліс кулуарында бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты.
"10 сәуір күні Маңғыстаудан келген "БерӘли Маңғыстау Company" компаниясының жұмысшылары Энергетика министрлігінің ғимаратының алдында заңсыз жиналыс өткізді. Олардың талаптары – өздерінің бұрынғы жұмыс істеген компанияға қайтадан жұмысқа алу немесе квазимемлекеттік сектор болып табылатын "Өзенмұнайгаз" компаниясына жұмысқа алу. Бұл мәселені шешу үшін "ҚазМұнайГаз" және Энергетика министрлігінің басшылық құрамы жұмысшылармен кездесті. Оларға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Дәл бұрынғы еңбек жағдайы мен жалақысын сақтай отырып, Маңғыстаудағы басқа компанияға жұмысқа кіргізуді ұсынды. Бірақ, ереуілге қатысушылар бұл ұсынысты қабылдамады", – деді Жандос Өмірәлиев.
Оқи отырыңыз: Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтарды арандатуға ермеуге, ел тыныштығын бұзбауға шақырды
Жандос Өмірәлиев бейбіт жиналысты өткізу тәртібін бұзған 126 жұмысшы ішкі істер органына жеткізіліп, бесеуіне әкімішілік іс қозғалғанын айтты.
"Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы" заңға сәйкес, мұндай жиналыстар хабарландыру арқылы өткізіледі. Хабарландыру дегеніміз, жергілікті атқарушы органдарға тиісті белгіленген жерде бес күн бұрын алдын ала хабарлама беру қажет. Бірақ, компания жұмысшылары тарапынан мұндай хабарлама жолданбаған болатын. Сол себепті прокуратура органдары жергілік атқарушы органдармен бірге бұл жұмысшыларға осы заңның талаптарын сақтауды бірнеше мәрте түсіндірді. Заң талаптарын сақтамаған жағдайда заңсыз жиналыс өткізіліп жатқан жерді босатуды ұсынған болатынбыз. Дегенмен, жиналыс одан әрі жалғаса берді. Осы себептен қоғамдық тәртіпті сақтау, әкішілік құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында осы заңсыз жиналысқа қатысушылар ішкі істер органдарына жеткізілген болатын. Оның нәтижесімен тиісті профилактикалық жұмыс жүргізілді. Жұмысшылардың бәрі өз үйіне қайтарылды. Оның ішінде айрықша белсенді бес азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, сотта қаралып, оларға ескерту тәртібінде шара қолданылды. Олар да үйіне қайтарылды. Барлығы 126 адам ұсталды", – деді бас прокуратура өкілі.
Фото: Sputnik.kz