БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш мемлекеттерді қазба отыннан біртіндеп бас тарту бойынша нақты мерзімдері көрсетілген шынайы жоспар әзірлеуге шақырды. Бұл туралы ол Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның климат жөніндегі саммитінде мәлімдеді. Бұл туралы БҰҰ ресми сайтында жазылған.
Саммит БҰҰ Бас ассамблеясының жоғары деңгейдегі апталығы аясында ұйымдастырылды. Жиынға ірі экономикалардың, климаттың өзгеруіне осал елдердің басшылары, сондай-ақ энергия ресурстарын өндіруші және тұтынушы мемлекеттердің өкілдері қатысты.
"Біз – қазба отыны дәуірін тоқтатуға қажетті құралдары бар алғашқы ұрпақпыз әрі климаттық апаттың алдын ала алатын соңғы ұрпақпыз", – деді Антониу Гутерриш.
БҰҰ басшысы климаттық әділеттілікті қамтамасыз ету үшін шығарындыларды азайту, климаттың өзгеруіне бейімделу және қаржыландыру бағыттарында нақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, парниктік газдар шығарындылары әлі де өсіп жатыр. Бұл ретте қазба отын өндірісі де кеңейіп келеді.
"Қазба отынын өндіру ғылымға, экономикаға және ақылға қайшы түрде жалғасып жатыр", – деді Антониу Гутерриш.
БҰҰ бас хатшысы ғалымдардың жаһандық жылыну Париж келісімінде белгіленген индустрияға дейінгі деңгеймен салыстырғанда 1,5 градус Цельсий шегінен уақытша асып кетуін күтіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, басты міндет – бұл шектен асуды барынша аз әрі қысқа мерзімді ету.
Сонымен бірге Антониу Гутерриш климаттық дағдарысты тежеуге мүмкіндік беретін технологиялар мен шешімдер жылдам дамып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, көптеген елде жаңартылатын энергия көздері жаңа электр энергиясын өндірудің ең арзан, жылдам әрі сенімді тәсіліне айналды.
"Таза энергетика енді балама емес. Оның дамуын тоқтату мүмкін емес", – деді ол.
БҰҰ Бас хатшысы жаңартылатын энергия көздерінің қуатын үш есе арттыруға, энергия тиімділігін екі есеге жақсартуға, электрлендіру үдерісін жеделдетуге, метан шығарындыларын айтарлықтай қысқартуға және ормандардың жойылуын тоқтатуға шақырды.
Қазақстанның жылынуы жаһандық көрсеткіштен асып түсті – Климат өзгерісі бойынша жобалық кеңсе
Қазақстанда жаһандық жылыну процесі екі есе жылдам жүріп жатыр – климатолог