Үндістанның Тирур қаласында ашуға булыққан піл 17 адамды жарақаттады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бұл туралы NDTV агенттігі хабарлады.
Ал бір азамат ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Оқиға түнде Путиянгади фестивалі өтіп жатқан кезде болған.
Мерекелік шараға бас-аяғы бес піл жеткізілген. Оларды жиналған көпшілік фото-видеоға түсіре бастайды. Осы кезде қатар тұрған пілдердің біреуі кенеттен қарсы тұрған адамды көтеріп алып, арлы-берлі сілкіп лақтырады.
Ал дүрліккен жұрт бірін-бірі итере қауіпсіз жерге қарай қашқан. Көбі сол кезде қысылып, түрлі дене жарақатын алған екен. Ал ашуға мінген пілді ұйымдастырушылар екі сағатта әрең тыныштандырған.
Үндістанның Керала қаласында Путиянгади фестивалі жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді.