Kizdar.net сайтының иелері деп танылған тұлғалардың Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында аса қымбат мүліктері бары анықталды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
Мәлімет бойынша, күдіктілердің атына шағын және орта бизнес саласындағы 8 компания, 5 пәтер, 6 коммерциялық үй-жай, 6 коттедж, 10 жер учаскесі, 6 паркинг орны және 11 люкс класындағы автокөлік тіркелген.
"Қылмыстық жолмен табылған мүлікті тәркілеуді қамтамасыз ету және заңдастыру (жылыстату) белгілерін анықтау мақсатында күдіктілер мен олармен байланысы бар компаниялардың мүліктеріне қатысты мәмілелер тоқтатылды. Шектеулер қойылды", – делінген ресми хабарламада.
Бұған дейін Алматы қаласының прокуратурасы 2011 жылдан бері ақылы интимдік қызметтердің жарнамасын жариялап келген Kizdar.net сайтының ұйымдастырушылары ұсталғанын хабарлаған болатын. Сот санкциясымен фигуранттар күзетпен қамауға алынды.
Оқи отырыңыз: Қостанай облысындағы қайғылы оқиға: Тобыл өзенінен атасы мен немересінің мәйіті табылды
Күдіктілердің әрекеті Қылмыстық кодекстің 309-бабы 2-бөлігі "Жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе оларды ұстау, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету және жеңгетайлық" бойынша сараланды. Аталған бап санкциясында мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Тінту шаралары кезінде ірі көлемде ақшалай қаражат, цифрлық активтер, компьютерлік техника және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. Алдын ала есеп бойынша, күдіктілердің тапқан заңсыз табысы 2 миллиард теңгеден асқан. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда. Прокуратура бұл істің барысы ерекше бақылауда екенін мәлімдеді.
Еске сала кетсек, 2024 жылы ІІМ өкілдері аталған сайттың американдық интернет-провайдерлерге тиесілі хостингтерде орналасуына байланысты оны бұғаттау мүмкін болмай отырғанын айтқан еді.