Ясауи ілімі "Адал азамат" құндылықтарымен үндесіп жатыр – дінтанушы Досай Кенжетай

Ясауи іліміндегі рухани тазалық пен жауапкершілік қағидалары "Адал азамат" тұжырымдамасымен ұштасады. Фото: informburo.kz
Ясауи іліміндегі рухани тазалық пен жауапкершілік қағидалары "Адал азамат" тұжырымдамасымен ұштасады. Фото: informburo.kz
Теолог жастарды деструктивті ағымдардан сақ болу үшін дінге өз ақылымен және еркімен келуге шақырды.

Қожа Ахмет Ясауи мұрасы бүгінгі қоғамда тек тарихи-діни құндылық ретінде ғана емес, адам тәрбиесі, рухани еркіндік пен дүниетаным мәселелері тұрғысынан да қарастырылады. Қазір қоғамда сопылық ілім туралы әркелкі пікір бар. Әлеуметтік желіде өзін рухани жетекші ретінде таныстыратын адамдар да сан қырлы. Олардың көзқарасы да жастардың діни ақпаратты қабылдауына әсер етіп отыр.

Осы жағдайда Ясауи қалыптастырған дәстүрлі ілімнің негізгі қағидалары мен қазіргі діни топтардың ұстанымын ажырату мәселесі туындайды. Сонымен қатар Ясауи философиясындағы ақыл, таным, ар-ұят пен жауапкершілік ұғымдары "Адал азамат" тұжырымдамасының құндылықтарымен қаншалықты үндеседі? Сопылық ілімде ғылым мен білімге, адамның сыни ойлауына қандай мән беріледі? Жастар діни ақпаратты қабылдағанда қандай қауіптерге назар аударуы керек? Осы мәселелер жөнінде дінтанушы, ясауитанушы, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетаймен әңгіме құрдық.

Ясауитанушы, философия ғылымдарының докторы Досай Кенжетай. Фото: Досай Кенжетайдың Facebook парақшасы

Ясауи ілімі мен қазіргі сопылық көзқарастың айырмашылығы

Соңғы уақытта әлеуметтік желіде сопылық туралы пікірталас күшейіп, жекелеген діни топтардың әрекеті мен олардың рухани жетекшілеріне қатысты сын жиі айтылып жүр. Осы орайда Ясауи мұрасының бастапқы мазмұны мен қазіргі діни қозғалыстардың ұстанымдарын ажырата білу маңызды.

Теолог Досай Кенжетайдың айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи XII ғасырда қалыптастырған сопылық мектептің негізінде адам болмысы, оның рухани дамуы және қоғамдағы орны туралы түсінік жатыр. Ғалым бұл бағытты "Хәл ілімі" деп атайды. Оның түсіндіруінше, бұл ілім адамның кім екенін, оның еркіндігі мен тұлғалық қасиеттерін, сондай-ақ қоғамда қандай қағидаларға сүйеніп өмір сүруі керегін зерделейді.

"Ясауи ілімінің басты қағидасы – Аллаға деген махаббат. Махаббат болмаған жерде ештеңе болмайды. Абай: "Махаббатсыз дүние бос, хайуанға оны қосыңдар" дейді. Сонымен қатар "Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті" деген сөзі бар. Яғни, қай дінді ұстанса да, адамды адам ретінде сыйлап, құрмет көрсету және оған махаббатпен қарау – осы ілімнің негізгі ұстанымдарының бірі", – дейді ғалым. 

Оның пікірінше, Ясауи ілімінің түпкі мақсаты – адамды тәрбиелеу, оның тұлғалық қасиеттерін дамыту және рухани кемелденуіне жол ашу. Сондықтан бұл ілімде адамды пайдалану немесе оған үстемдік жүргізу емес, керісінше оның жеке тұлға ретінде қалыптасуына көмектесу маңызды орын алады.

Сарапшы қазіргі қоғамда сопылыққа қатысты теріс пікірлердің қалыптасуын осы бағыттың атын жамылған жекелеген діни жетекшілер мен топтардың әрекетімен байланыстырады. 

"Бүгінде қоғамда сопылық туралы пікірлер әртүрлі, себебі қазір жалған шейхтер мен жалған тариқаттардың дәуірі. Олар шариғатпен алғашқы бекітілген қағидалардан алшақтап кеткен. Соңғы уақытта желіде өзінің осындай шейх-көсеміне өкпелеген шәкірттер сұхбат беріп, қоғамды сопылықтан жиіркендіріп жатыр. Екінші жағынан, шынымен де, кәміл емес тақсырлары оларға манипуляция жүргізген деген мәселе бар. Ясауи ілімінде адамды қолдану деген жоқ. Қайта адамды алға жетелеу, оған тұлғалығын, кемелдігін беру – ең басты ұстаным", – деп түсіндірді ғалым.

Теолог Ясауи мұрасын саяси мақсатта пайдалануға да назар аударды. Оның пікірінше, кейбір топтардың "мәхдилік" идеясын алға тартуы дәстүрлі сопылықтың рухани мазмұнынан бөлек, саяси сипаттағы ұстанымдарды қамтиды. 

"Бұл – саяси ислам және ол руханиятқа жатпайды. Мысалы, Исматулла және оның зікіршілер тобы "мәхдилік" деген мәселені ұстанып жатыр. Бұл саяси тұрғыдан да біздің мемлекеттілігімізді жоққа шығару. Екіншіден, Ясауидің атын жамылады. Бұл Ясауидің хәл ілімін былғау болып саналады. Оның үстінде шейхтің өзі кәміл болмағаннан кейін, сілсиләсы (рухани ұстаздар мен ғалымдардың үздіксіз сабақтастық шежіресі – авт.) дұрыс болмағаннан кейін біздің көптеген жастарымыз оған алданып қалып жатыр", – дейді дінтанушы.

Ясауи ілімі мен "Адал азамат" тұжырымдамасының сабақтастығы

Досай Кенжетай Ясауи іліміндегі рухани тазалық, адалдық, ар-ұят пен жауапкершілік қағидаларын қазіргі "Адал азамат" тұжырымдамасымен байланыстырады. Оның айтуынша, бұл ұғымдар адамның өзін-өзі бақылауы, іс-әрекетіне есеп беруі және ар-ожданына жауапты болуы мәселелерін қамтиды.

"Ясауи іліміндегі рухани тазалық, адалдық, ар-ұят, жауапкершілік мәселесін қазіргі "Адал азамат" тұржырмасының негізі деуге болады. Себебі, рухани тазалық деген – нәпсінің тазалығы. Адам өзін-өзі қадағалап, әрдайым есеп беріп, бағалай білуі керек. Яғни, Алланы көрмесе де, Алла оны көріп тұрғандай өмір сүруі қажет. Адамдармен қарым-қатынаста махаббат, мейірім, шыншылдық танытып, қанағатты ұстануы маңызды. Ең бастысы, адам өзінің ары мен ожданына өзі ие болуы керек", – дейді ғалым.

Теолог бұл құндылықтарды қазіргі жастардың тәрбиесінде қолдану үшін діни-философиялық ұғымдарды заманауи ғылыми біліммен байланыстыру қажет деп санайды. Оның пікірінше, Ясауи мұрасын психология, адам мінез-құлқын зерттеу және құндылықтар философиясы аясында түсіндіру жастарға дәстүрлі дүниетанымды бүгінгі өмірмен байланыстырып қабылдауға мүмкіндік береді.

"Ясауидің "Хәл ілімі" – адамның моральдық және ішкі еркіндігі. Бұл – өзінің алдындағы, қоғамның, отбасының және Алланың алдындағы адалдық. Егер осы құндылықтарды жастарға заманауи ғылыми және психологиялық түсініктермен ұштастырып жеткізсек, Ясауи ілімін бүгінгі заманға сай тұжырымдай аламыз", – дейді сарапшы.

Ол жастар тәрбиесінде ар-ұят ұғымына да ерекше назар аудару қажет екенін айтады. Осы ретте теолог ұлттық дүниетанымдағы адамгершілік қағидаларын қайта зерделеуді ұсынды. Оның пікірінше, қазақ жырауларының толғауларында кездесетін жақсылық пен жамандық туралы философиялық пайымдар да Ясауи дүниетанымымен сабақтас. Сондықтан жастарға рухани тәрбие беру кезінде тарихи мұраны бүгінгі құндылықтар жүйесінен бөліп қарастыруға болмайды.

Сарапшы бұл жұмысты өткен шақ, осы шақ және болашақ арасындағы сабақтастық негізінде жүргізу маңызды екенін атап өтті.

Ясауи философиясында ақыл мен танымның орны қандай?

Досай Кенжетай рухани тазалық пен адалдықты адамның ішкі еркіндігімен байланыстырады. Сұхбатта ол осы еркіндіктің қалыптасуындағы ақыл мен танымның орнына да тоқталды. Сарапшының түсіндіруінше, сопылық ілімде ақыл мен ерік бірінші орынға қойылады.

"Себебі, бұл ілімге адам ақылымен, өз еркімен келуі керек. Ерік бірінші тұрады. Яғни ақылды қолданып, осы жолда Аллаға қарай бет бұруы керек. Абай "ақыл, мен, жан" деп айтады ғой. Сондағы "жан" деген – нәпсі. Нәпсіге ерік беру көптеген кедергіге себеп болып жатыр. Сол нәпсіні тәрбиелеу үшін ақылды бірінші орынға қояды. Яғни, шәкірт ешқандай қысымсыз, манипуляциясыз, біреудің айтуымен емес, өз еркімен, махаббатпен осы жолды таңдауы керек", – дейді теолог.

Оның айтуынша, Ясауи философиясындағы таным ұғымы да ерекше маңызға ие. Бұл ілімде шариғат, тариқат, мағрифат және хақиқат деген төрт негіз ретінде қарастырылады. Соның ішінде мағрифат адамның танымға, білімге және ақиқатты түсінуге ұмтылуын білдіреді.

"Танымсыз, білімсіз ештеңе болмайды. Ақ пен қараны ажырату, өзіңнің хәліңнің қайда бара жатқанын әрдайым қадағалап, бағалап, бақылап отыру үшін де сіз танымның ақиқатын, анықтамасын біліп алуыңыз керек. Танымның бірінші қабаты – өзіңді-өзі тану мәселесі. Адам үнемі "Мен қай мақамдамын? Қазіргі рухани жағдайым қандай?" деген сұрақтарға жауап іздеуі керек. Ясауи ілімінде таным тек теориялық түсінік емес, күнделікті тәжірибенің бір бөлігіне айналады", – деді сарапшы.

Ол Ясауи дүниетанымында дүниені танып-білу мен білім алудың да орны ерекше екенін атап өтті. Өйткені бұл философияда дүние адам үшін сынақ алаңы ғана емес, рухани кемелденуге мүмкіндік беретін кеңістік ретінде қарастырылады. Адам осы өмірде өзін танып, нәпсісін тәрбиелеу арқылы рухани мақсаттарына жақындайды.

Сарапшы мұны Ясауи іліміндегі "дидар талап" ұғымымен байланыстырады. Оның түсіндіруінше, бұл – Алланың дидарына, яғни жамалына жетуге деген рухани ұмтылыс. Ал оған кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі – нәпсі. Сондықтан адам өз нәпсісін тәрбиелеп, ішкі дүниесін тазарту арқылы рухани кемелдікке ұмтылады.

Досай Кенжетайдың айтуынша, Ясауи философиясында ақыл, таным және өзін-өзі тану мәселелері өзара байланысты. Ол адамның өз бетінше ізденуіне, ақпаратты салыстыруына және діни көзқарасын саналы түрде қалыптастыруына білімнің қажет екенін айтады. Сарапшы бұл мәселеге жастардың діни ақпаратты қабылдау ерекшелігі тұрғысынан да тоқталды.

Жастар діни ақпаратты қалай қабылдайды?

Теологтың айтуынша, қазіргі жастар үшін негізгі қиындықтардың бірі – діни ақпараттың қайнар көзін дұрыс таңдау. Бұрын діни білім алу үшін кітаптар мен арнайы әдебиеттерге жүгіну ұсынылса, қазір ақпараттың басым бөлігі цифрлық кеңістікте қолжетімді. Осыған байланысты Досай Кенжетай жастардың діни сауаттылығы мен ақпаратты саралау қабілетіне назар аударды.

"Жастарға кез-келген қауіпті көре алуы, теріс ақпараттық жоққа шығара алуы немесе оның жетегіне еріп кетпеуі үшін діни сауаттылық беруіміз керек. Діни сауаттың да өлшемдері бар. Оның діни танымы мен діни тәжірибесі біздің мәдениетімізге сай болуы керек. Сонда ғана ол қоғамда жалғыз болмайды, сонда ғана ол қоғаммен үндеседі, яғни біз оларға бұрынғы өткен тарихи санасы мен бүгінгі санасының арасындағы көпірді бере аламыз. Ол көпір – біздің дәстүрлі діни танымымыз, ол да Қожа Ахмет Ясауидің ілімімен тығыз байланысты", – дейді сарапшы.

Сарапшы әлеуметтік желілерде өзін "пір" немесе "шейх" ретінде таныстыратын кейбір адамдардың әрекетіне де назар аударды. 

"Желіде өзін пірмін, шейхпін деп жүрген адамдардың көбі жастарды манипуляциялауға, бағындыруға, құл қылуға, құрал қылуға бейім тұрады. Жастар осыны білгені абзал. Сол үшін дәстүрлі діни сенім, таным, біздің дініміздің негіздері мен құндылықтарын, қағидаттарын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, дінтану, исламтану білім беру ошақтары сынды сенімді жерлерден қарап білу керек. Жастардың бәріне "дін маманы болыңдар" деп айтпаймын. Бірақ кез-келген адам, ол мейлі астронавт, мейлі физик, мейлі химик болсын, өз дінін қағидаттық тұрғыдан білуі керек. Яғни, діни білімді еліктеушілікпен емес, өзінің жеке зерттеушілігімен алуы керек. Сонда діни сауаттылық пен сыни ойлауды қалыптастырады, бір "шейх" немесе бір деструктивті топ теріс жаққа тартып бара жатқан кезде өзін тоқтата алады. Себебі, онда Абай айтқан "мен" бар, "Менді" дұрыс қалыптастыру үшін дінін, діни санасын, уақытын, кеңістігін, тарихын білуге мәжбүр. Әл-Фарабише айтқанда, "бақытқа жетудегі бірінші құрал – білім", – деді сарапшы. 

Ясауи мұрасын зерттеу және насихаттау

Досай Кенжетай жастардың діни сауаты мен сыни ойлауын қалыптастыру мәселесін Ясауи мұрасын ғылыми тұрғыдан зерттеу және оны білім беру жүйесінде насихаттау жұмыстарымен байланыстырады. Сарапшының айтуынша, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу мен насихаттау мәселесі соңғы уақытта мемлекеттік деңгейде де қолға алынған.

Үкімет 2026-2028 жылдарға арналған Ясауи мұрасын ілгерілету және насихаттау жөніндегі іс-қимыл жоспарын бекітті. Құжатта бес бағыт бойынша 37 іс-шара қарастырылған. Оның ішінде ғылыми зерттеу, білім беру, мәдени-ағартушылық және шығармашылық жобалар, халықаралық ынтымақтастық бар. Жоспарда мектеп оқушылары арасында "Ясауитану" байқауын өткізу және музей жанынан арнайы клуб ашу да көзделген.

Досай Кенжетайдың айтуынша, Ясауи мұрасын таныту үшін ғылыми еңбектер мен конференциялар ұйымдастырумен шектелмей, оны өнер және білім беру салалары арқылы да жеткізу керек. Ол өзі қатысып жүрген "Ясауи керуені" жобасы аясында ойшылдың өмірі, шығармалары, ілімінің негізгі қағидалары мен тарихтағы орны таныстырылып жатқанын айтты. Сонымен қатар, Ясауи мұрасына арналған фильмдер, балаларға арналған мультфильмдер мен театр қойылымдарын әзірлеу де маңызды.

Сарапшы бұл жұмысты тек Қазақстан аумағында қалдырмай, Ясауи ілімінің тарихи ықпалы болған түркі халықтарымен бірлесіп зерттеуді ұсынады. Оның пікірінше, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Татарстан, Башқұртстан және Түркия ғалымдарымен ортақ ғылыми платформалар құру мұраны халықаралық деңгейде танытуға мүмкіндік береді.

"Жалпы Ясауи философиясын ғылыми тұрғыдан зерттегеніме қазір 33-34 жыл болып қалыпты. Себебі, бұл – өте үлкен құндылық. Бірақ, біз мұны ғылыми тұрғыдан зерттеуге, керек десеңіз, тек қана музейдегі бір жәдігер ретінде емес, бүгінгі өміріміздің мәніне, орталығына айналдыруымыз керек", – деп түйіндеді Досай Кенжетай.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау