Тікелей эфир

Мектептегі білім мазмұны президенттің "Адал азамат" тұжырымдамасымен байытылады

"Адал азамат" тұжырымдамасы Абайдың "Толық адам" ілімінен бастау алады.

Қазақстандық мектептерде білім мазмұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан "Адал азамат" тұжырымдамасымен байытылады. Бұл туралы Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жаңа жобасынан белгілі болды. 

"Орта білімнің философиялық негізі Әбунасыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмуд әл-Қашғари, әл-Хорезми, Қожа Ахмет Ясауи сияқты басқа да ағартушы, ойшылдардың мәдени және рухани мұрасынан тұрады", – делінген тұжырымдама жобасында. 


Оқи отырыңыз: Орыстілді балабақшаларда қазақ тілін тереңдетіп оқыту бағдарламасы әзірленеді


Еске салайық, биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қазақстанның болашағын "Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт" деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болатынына тоқталды. 

"Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам "Адал азамат" деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. "Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс" – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек", – деген болатын президент.

Серіктестер жаңалықтары