Павлодарда пәтер өртінен 6 адам зардап шекті. Олардың ішіндегі 23 жастағы бойжеткен өрт сөндірушілер келгенге дейін жанып жатқан үйдің терезесінен секіріп кеткен. Қазір ол ауыр жағдайда ауруханада жатыр, деп хабарлайды Қазақпарат сайты.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт бүгін таңғы сағат 4-тер шамасында Павлодар қаласының Баян батыр көшесіндегі үйлердің бірінде болған. Екінші қабаттағы пәтерден шыққан тілсіз жау 20 шаршы метр аумақты шарпып, ішіндегі жиһаздарды, үй заттары мен терезелерді өртеп жіберген. Өрт сөндірушілер жалынды жарты сағат ішінде толық ауыздықтады.
Құтқарушылар келіп жеткенше, екінші қабаттағы жанып жатқан пәтерден 2003 жылы туған бойжеткен терезеден секіріп үлгерген. Ал өрт сөндірушілер үшінші қабаттан екі адамды, соның ішінде бір баланы аман-есен сыртқа алып шықты.
Оқи отырыңыз: Белгілі айтыскер ақын Салтанат Өтелбаева мен жолдасы жол апатынан қаза тапты
Зардап шеккендердің жағдайы
Оқиға болған жерде жедел жәрдемнің 2 бригадасы мен Апаттар медицинасы орталығының 1 бригадасы жұмыс істеді. Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясының хабарлауынша, өрттен барлығы 6 адам зардап шеккен:
- терезеден секірген 23 жастағы бойжеткен өте ауыр жағдайда Павлодар қалалық №3 ауруханасына жеткізілді;
- 1972 жылғы ер адам мен 1973 жылғы әйел адам Павлодар қалалық №1 ауруханасына ауруханаға жатқызылды;
- тағы үш адам – 8 жасар қыз бала, 18 жастағы бозбала және 66 жастағы қария. Оларға оқиға орнында алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін, ауруханаға жатудан бас тартқан.