Тікелей эфир

Әкімдіктердің грантына құжат қабылдау жүріп жатыр

Өнер саласының мамандарын даярлауға тек Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі грант бөліп отыр.

Жергілікті атқарушы органдардың білім беру гранттарына құжат қабылдау 10 тамызда басталды. Өтініштерді жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары қарайды, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.

Әкімдіктердің гранттары конкурстық негізде тағайындалады. Биыл жергілікті атқарушы органдар 3 мыңға жуық грант бөлді. Бұл ретте халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын талапкерлерге ерекше көңіл бөлінеді. Негізінен, әкімдіктерге педагогтер, медицина қызметкерлері және ауыл шаруашылық саласының мамандары қажет.

"Биыл бакалавриат деңгейі бойынша мамандарды даярлауға ең көп тапсырысты елорда әкімдігі берді. Олар педагогикалық және медициналық мамандықтар үшін 1200-ге жуық грант бөлді. Ал Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысы бірлесіп – 450 грант, Ақмола облысы 229 грант тағайындады", – деп жазылған хабарламада.

Қостанай облысының әкімдігі А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде оқуға 15 грант бөлді. Өнер саласының мамандарын даярлауға тек Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі грант бөліп отыр, олар жергілікті бюджет есебінен 15 маман оқытуға дайын.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысының әкімдіктері биыл бакалавриатта мамандарды оқытуға тапсырыс жасамаған.

Алматы қаласы және Павлодар облысының әкімдіктері өңірдің жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар мамандарды даярлауға қажеттілігін ескере отырып, облыстық бюджет қаражатынан тек магистратура мен резидентураның білім беру бағдарламалары бойынша гранттар бөледі.


Оқи отырыңыз: Білім гранты туралы куәлікті онлайн жүктеп алуға болады


Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына келесі құжаттарды тапсырады:

  • білімі туралы құжат;
  • ҰБТ сертификаты;
  • жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  • жеңілдік санатын растайтын құжаттар.

Грантты тағайындау туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызға дейін жүреді.

Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктен немесе олардың ресми сайтынан алуға болады.

Серіктестер жаңалықтары