Тікелей эфир

"Қазтест" сертификаты бар үміткерлер ҰБТ-да "Қазақ тілінен" тест тапсырудан босатылады

Бұл ретте сертификаттың көрсеткіші В1 (орта) деңгейден төмен болмауы тиіс.

Ғылым және жоғары білім министрлігі Қазақ тілін В1 (орта) деңгейден төмен емес меңгергенін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификаты бар тұлғаларды ҰБТ-да "Қазақ тілі" бейіндік пәнінен немесе арнайы пәнінен тест тапсырудан босатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ашық НҚА порталында жарияланған құжат жобасынан белгілі болды. 

Дегенмен, мұндай тұлғаларға ерік беріледі. Үміткер қалаған жағдайда ол ұлттық бірыңғай тестілеуде "Қазақ тілінен" тест тапсыра алады. 

Ал қаламаған жағдайда ҚАЗТЕСТ сертификатының нәтижесі оның білім беру грантын иеленуіне және сол арқылы жоғары оқу орнына қабылдануына мүмкіндік береді. 


Оқи отырыңыз: Наурыз ҰБТ: Талапкерлердің 76 пайызы қазақ тілін таңдаған


Ғылым және жоғары білім министрлігінің түсіндіруінше, Қазтест – TOEFL, IELTS, TÖMER сияқты тілдік білімді бағалаудың халықаралық талаптарына сәйкес құрылған отандық жүйе. Тілдік білімді бағалау арқылы мемлекеттік тілді меңгеруге, дамытуға, тіл үйренуші  азаматтардың әрекетін ынталандыруға бағытталып, азаматтардың қазақ тілі бойынша коммуникативтік құзыреттіліктерін анықтайды. 

"Тілдік білімді бағалау жүйесі тілдік тұлға қалыптастыруға септігін тигізеді. В1-ден (орта) төмен емес деңгейде қазақ тілін меңгергенін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификаты бар тұлғалардың қалауы бойынша ҰБТ-да "Қазақ тілі" бейіндік пәнін немесе арнайы пәнін тапсырудан босатылуы мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына түсуіне қолайлы жағдай жасайды", – делінген министрліктің түсіндірме жазбасында.

Серіктестер жаңалықтары