Тікелей эфир

"80 мыңға күн көру мүмкін емес": Атырауда күзетшілер бас көтерді

Компания басшылығы олардың арызын 4 ай бойы қабылдамай келген.

Атырауда алпауыт мұнай компанияларын күзететін күзетшілер бас көтерді. Жұмысты тоқтатқан олар еңбекақыларын 70 пайыз өсіруді талап етті. Айтуларынша, соңғы кездері күзетшілердің жұмысы да, жүрісі де көбейген. Бірақ, еңбекақы ақша мардымсыз. Бас көтерген күзетшілер мекеме басшылығы төрт ай бұрын жалақыны 50 пайызға көтереміз деген уәдесін орындамағанын айтады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

KMG Security компаниясының отызға жуық күзетшісі кеңсе алдына жиналып, жалақыны 70 пайызға көтерсін деп талап қойды. Олардың уәжі: қымбатшылық қыспаққа алған заманда 80 мың теңгеге күн көру мүмкін емес.  

"Үй жалдап тұрып жатқандар көп. Бәріміз қиналып жатырмыз, ал жалақыны көтермейді. Тіпті бізге "ұнамаса, басқа жұмысқа барыңдар" деп айтады", – дейді күзетшілердің бірі Эльдар Есжанов.

Тағы бір күзетші Рауан Ибатолла компания басшылығына жұмысшылар бір емес, бірнеше рет талап қойғанын, бірақ еш нәтиже болмағанын айтады. Арыздарын қабылдамай отырғанына төрт ай болған.


Оқи отырыңыз: Өрт сөндірушілердің жалақысы қанша?


KMG Security компаниясының басшылығы болса, жұмысшылардың айлығын 50 пайыз арттыру бойынша бұйрыққа қол қойылғанын айтып, енді жағдайдың жақсаратынына уәде етіп отыр.

"Кеше бұйрыққа қол қойылды, бәрін түсіндіріп айттым. Жұмысшылардың жалақысы 50 пайыз өсіріледі, бұған дейін 10 процент өсірдік. Бұған дейін әлеуметтік пакет алмаған болса, енді бәрі алатын болады", – деді Атырау "KMG security" филиалы директорының міндетін атқарушы Серік Мұқажанов.

Компания басшылығының жаңа уәдесін тыңдап тарқасқан жұмысшылар талап орындалмаса, жұмысты қайта тоқтататынын мәлім етті.

Серіктестер жаңалықтары