Көрермен талғамы өсуі үшін жекеменшік театрлар көбеюі керек – Режиссер Әлібек Өмірбекұлы

Фото: Тұмар Мәулен
Фото: Тұмар Мәулен
"Шідер" – Қазақстан театр тарихында барлау операцияларын сахналайтын алғашқы туынды.

Almaty Theatre сахнасында алғаш рет детекив-драма жанрындағы "Шідер" қойы­лымы сахналанды. Қойылымның өзегі – махаббат пен парыз арасындағы үнсіз майдан. Бір дәуірдің перзенттері Қосан мен Ақжанның тағдырын тоғыстырған – Алматының көшесі, ал екі бөлек айырған – тағдырдың құпия жолы. Бірі ел үшін үнсіз қызмет еткен барлаушы болса, екіншісі – мемлекет қауіпсіздігін шет елде жүріп қорғаған жан. Олар бір-бірін жақсы көрсе де, оны айта алмайды. Оларды ұстап тұрған – шідер. Ал "Шідер" – ел тағдыры мен екі адамның сезімі арасындағы күрес хикаясы.

Қойылым авторы – Бақытжан Қаратегі. Ал сахналық нұсқасын Мирас Әбіл әзірлеген. Режиссері – танымал суреткер Әлібек Өмірбекұлы. Басты кейіпкерлерді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айнұр Болат пен театр және кино актері Ержан Нұрымбет сомдады.

Осы орайда Информбюро тілшісі "Шідер" қойылымының режиссері Әлібек Өмірбекұлымен аз-кем сөйлесті.

– Бұл спектакль өзге жұмыстарыңыздан несімен ерекше? Алғашқы детектив-драма деп жатыр ғой, тағы қандай ерекшелігі бар? 

– Бұл спектакльдің басты ерекшелігі – ең алдымен оның тақырыбы. Барлау әлемі – аса құпия, көпшілікке беймәлім сала. Дәл осы тақырып қойылымның бүкіл болмысын айқындап, спектакльдің басынан-ақ алға қойған барлық жоспарымыз бен көркемдік ойымызға бағыт-бағдар берді.

Екінші ерекшелігі – сахнадағы бар жүктің небәрі екі актердің иығына түсуі. Осындай ауқымды спектакльді екі ғана актердің алып шығуы үлкен жауапкершілік пен зор шеберлікті талап етеді. Бұл да қойылымның өзіндік айрықша қыры.

Фото: Тұмар Мәулен

Ал қалған ерекшеліктеріне келсек, бұл – театрға өзгеше қырынан қарауға деген талпыныс. Актердің сахнадағы болмысын, өмір сүру тәсілін жаңа қырынан ашуға ұмтылыс. Сондай-ақ, құпияға толы, жабық әлемді ерекше сахналық тәсіл арқылы көрсетіп, көрерменге балама бір шындық ұсыну ниеті жатыр.

– Ержан Нұрымбет пен Айнұр Болат дуэті сәтті таңдалған. Сіз қойған "Дон Кихот" қойылымында да осы екі актер рөлдерін тамаша алып шыққан болатын. Қаллеки театрында мықты өнерпаздар көп. Неліктен таңдауыңыз осы екі актерге түсті?

– Қазақстанда дарынды, қабілетті актерлер аз емес. Дегенмен, меніңше, Ержан Нұрымбет пен Айнұр Болат – үздіктердің алдыңғы қатарында.

Біріншіден, бұл қойылымның өзі дәл осы екі актердің табиғатына лайықталып жазылды. Екіншіден, сахнада тек таланттың өзі жеткіліксіз. Оған қоса мол тәжірибе мен жоғары кәсібилік қажет. Ал мұндай деңгейге жету үшін қаншама жыл еңбек ету керек. Өкінішке қарай, бұл қасиет барлық актерлерде бірдей қалыптаспаған.

Сондықтан мен дәл осы екі актер ғана осындай күрделі міндеттер мен ауыр сахналық жүктің үдесінен шыға алады деп сенемін. Осы тұрғыдан алғанда, мен оларды еліміздегі көптеген актерлерден бір саты жоғары қояр едім.

– Қазір сіз жеке жобалар жасап жүрсіз. "Зулейха", енді міне "Шідер". Мұндай тәуелсіз жобалардың маңызы туралы айтып өтсеңіз.

– Мемлекеттік және жекеменшік жобалардың айырмашылығы мен ерекшеліктері бар екені рас. Алайда мен үшін ең бастысы – таңдау жасау емес. Спектакльді мемлекеттік театрда қоямын ба, әлде жекеменшік алаңда жүзеге асырамын ба – оның айтарлықтай маңызы жоқ. Жылдар бойы дайындалып, терең ой елегінен өткен идеяларым мен көркемдік ниеттерімнің сахнада толыққанды жүзеге асуы маңызды дер едім. Ал оның қай кеңістікте өмірге келетіні – содан кейінгі мәселе.

Сондықтан мен мемлекеттік театр мен жекеменшік жобаларға бірдей, жеңіл қараймын. Дегенмен жекеменшік театрлардың өзіндік бір артықшылығы бар сияқты. Ол – еркіндіктің көбірек болуы. Бұл жерде шығармашылыққа кең тыныс, батыл ізденіске мүмкіндік көбірек беріледі.

Фото: Тұмар Мәулен

Ең басты ерекшелік – жекеменшік жобалар қазақстандық көрерменге жаңа кеңістік, жаңа тыныс сыйлайды. Олар көрерменге әлемге басқа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Яғни, көрерменде таңдау пайда болады.

Уақыт өте келе жекеменшік театрлар мен жобалардың көбеюі өз жемісін береді деп сенемін. Көрерменнің талғамы өсіп, сапалы дүниеге деген сұранысы арта түседі. Өйткені жекеменшік жобалар неғұрлым көбейген сайын, біз өзімізге соғұрлым биік талап қоя бастаймыз. Әрбір жаңа жұмыс сол межеден асуға ұмтылады. Сондықтан санның артуы түптің-түбінде сапаға алып келеді деп ойлаймын. Әрине, оған уақыт қажет.

Жекеменшік театрлар мен жобалар көбейе беруге тиіс. Бұл – заңды үрдіс. Алайда мұндай жағдайда мемлекеттік театрларға жекеменшік театрлармен бәсекеге түсу оңайға соқпайды. Дегенмен осының бәрі өнердің дамуына жол ашатын, екі тарап үшін де үлкен мүмкіндік деп білемін.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз