Тікелей эфир

Мәулен Әшімбаев Ресей-Украина шиеленісі туралы: Бізден көмек сұраған жоқ

Ол Қазақстанның ДХР және ЛХР тәуелсіздігін тану мәселесін қарастырмайтынын атап өтті. 

Қазақстан Парламенті сенатының спикері Мәулен Әшімбаев Украинадағы қаруланған шиеленіске қатысты пікір білдірді.

"Біз жағдайдың шиеленіскенін, қақтығыстың жаңа деңгейге жеткенін көріп отырмыз. Бұл жағдайда саяси шешімді келіссөздер арқылы іздеу өте маңызды. Келіссөздер барысында барлық қатысушы тараптың мүддесі ескерілуі керек. Бәрінен де БҰҰ жарғысының негізінде келіссөз жүргізген тиімді болар еді. Мен мұны өте күрделі әскери қақтығыс, күрделі қайшылықтар деп есептеймін. Біз әскери қарсылықтар мен санкциялық соғысты көріп отырмыз", – деді Мәулен Әшімбаев.

Парламент спикері Қазақстанның ДХР және ЛХР тәуелсіздігін тану мәселесін қарастырмайтынын атап өтті. 

"Біз тек БҰҰ мақұлдаған мемлекеттердің ғана тәуелсіздігін мойындаймыз", – деді ол.

Мәулен Әшімбаев бұл жағдай Қазақстанның эконмикасына әсер ететінін айта кетті. Ресей рублі құлдыраса теңге де құлдырайды. Сол себепті Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осыған қатысты шара қабылдауды тапсырған болатын.

Саясаткер қазақстандық бітімгерлерді қақтығыс аймағына жіберіле ме деген сұраққа да жауап берді.

"Бұл жерде біз біржақты ұстанымдамыз. ҰҚШҰ жарғысына сәйкес Қазақстан бітімгершілік күштерін ҰҚШҰ елдерінің аумағынан тысқары жерлерге тек БҰҰ мандатына сәйкес жібере алады. ҰҚШҰ елдерінің бітімгершілік күштері қатысушы мемлекеттердің аумағында ғана қолданылады. Ал қақтығыс аймағы ұйымға қатысушы елдердің аумағына кірмейді. ҰҚШҰ аясында қақтығыс аймағына бітімгершілік күштерін жіберуге мүмкіндігіміз жоқ. Бірақ БҰҰ деңгейінде шешім қабылданса, Қазақстан әлемнің кез келген нүктесіне бітімгерлерін жібере алады. Бұл мәселеге қатысты Ресей бізге жүгінген жоқ, жүгінбейді де деп ойлаймын", – деп түйіндеді сөзін Мәулен Әшімбаев.


Оқи отырыңыз: 

Серіктестер жаңалықтары