Конго демократиялық республикасында Бундибуджио түріндегі Эбола вирусының өршуі ішкі қоныс аударған адамдар тұратын лагерьлерге де тарады. Бұл туралы БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы хабарлады.
Ұйымның мәліметінше, вирус жұқтырған 19 ішкі қоныс аударушының бесеуі қайтыс болған. Қазіргі уақытта Эбола жұқтыру деректері Итури провинциясындағы 69 лагерьдің кемінде бесеуінде тіркелген. Бұл жағдай індетпен күресті одан әрі қиындатып отыр.
Жергілікті биліктің дерегіне сәйкес, індет 15 мамырда ресми жарияланғаннан бері елде 4 мыңға жуық адам вирус жұқтырып, 1 800-ден астамы көз жұмған. Аурудың негізгі ошағы әлі де Итури провинциясы болып қала береді. Ал UNHCR мәліметінше, әзірге босқындар мен пана іздеушілер арасында Эбола жұқтыру жағдайлары тіркелмеген. Ұйым өкілдері мұндай жағдай орын алса, вирустың КДР аумағынан тыс жерлерге таралу қаупі күшейетінін ескертті.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус індеттің бұрын-соңды болмаған ауқымы оны ауыздықтау жұмыстарын едәуір қиындатып отырғанын айтты. Оның сөзінше, індетке қарсы барлық бағыттағы іс-қимылды жедел күшейтіп, халықаралық серіктестердің күш-жігерін біріктіру қажет.
ДДҰ дерегінше, Эбола тіркелген Итури, Солтүстік Киву, Оңтүстік Киву, Жоғарғы Уэле және Чопо провинцияларында бүгінде шамамен 4,4 миллион ішкі қоныс аударушы тұрады. Бұл өңірлер ұзаққа созылған қарулы қақтығыстардан ең көп зардап шеккен аймақтардың қатарында.
UNHCR лагерлердегі ауызсу мен санитарлық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, сондай-ақ тұрғындардың медициналық қызметтерге сенімсіздігі вирустың одан әрі таралуына қолайлы жағдай жасап отырғанын атап өтті. БҰҰ Конго билігі және гуманитарлық серіктестер эпидемиологиялық бақылауды, зертханалық тексерулерді, науқастарды емдеуді және жергілікті халықпен ақпараттық жұмысты күшейтіп жатыр. Елдегі БҰҰ бітімгерлік миссиясы медициналық мекемелерге жасалуы мүмкін шабуылдардың алдын алу шараларын қабылдауда.
Соңғы аптада індет ошақтарындағы жаңа жұқтыру жағдайлары екі есеге артқан. Осыған байланысты ДДҰ үкіметпен үйлестіруді күшейтуге, медицина қызметкерлерін қорғауға және халықтың емделуге әрі қауіпсіз жерлеу рәсімдеріне қолжетімділігін жедел қамтамасыз етуге шақырды.
ДДСҰ Эбола вирусының Bundibugyo түріне қарсы вакцинаны сынақтан өткізуді ұсынды
Конго мен Угандада Эбола індеті өршіп тұр: ДДСҰ халықаралық төтенше жағдай жариялады