Алматыда әлемдік қуыршақ өнерінің жұлдыздары бас қосты

Фото: Алматы қуыршақ театры
Фото: Алматы қуыршақ театры
Халықаралық мәдени шараға 11 елден 14 театр ұжымы қатысып, қуыршақ өнерінің озық үлгілерін ұсынып жатыр.

Алматыда IV Халықаралық "Almaty Puppet Festival – 2026" қуыршақ театрлары фестивалі өтуде. Фестиваль аясында 150-ден астам қуыршақ өнерінің шебері бас қосып, кәсіби тәжірибе алмасуға және халықаралық шығармашылық байланысты нығайтуға мүмкіндік алды.

Төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған фестиваль Италия, Франция, Иран, Молдова, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Өзбекстан және Қазақстан, Қырғызстан елдерінің театрларын бір сахнада тоғыстырды. Бұл – әр елдің ұлттық мәдениеті мен театрлық дәстүрін таныстырып қана қоймай, қуыршақ өнерінің бүгінгі даму бағыттарын саралауға жол ашатын маңызды халықаралық шығармашылық алаң.

Фестивальдің басты мақсаты – дәстүрлі қуыршақ өнерін дамыту, заманауи сахналық ізденістерді дәріптеу, халықаралық кәсіби ынтымақтастықты нығайту және көрерменге әлемдік қуыршақ театрының сан алуан көркемдік мүмкіндіктерін таныстыру.

"Almaty Puppet Festival – ең алдымен, қуыршақ өнеріне қызмет ететін шығармашылық диалог алаңы. Әлемнің әр түкпірінен келген театр ұжымдары мен 150-ден астам қуыршақ өнерінің шеберін бір ортаға жинау – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Әр елдің өзіндік сахналық тілі, қалыптасқан дәстүрі мен заманауи ізденісі бар. Осындай кездесулер арқылы біз бір-бірімізден үйреніп, тәжірибе алмасып қана қоймай, қуыршақ театрының көркемдік көкжиегін кеңейтеміз. Біздің мақсатымыз – ұлттық өнердің құндылықтарын сақтай отырып, оны әлемдік театр үдерісімен сабақтастыра дамыту және көрерменге қуыршақ өнерінің шексіз мүмкіндіктерін көрсету", – деді Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының директоры Алмат Амангелді.

Фестивальдің алғашқы күнінде Иранның Тегеран қаласындағы "Deemak" театры "Маршмэллоу", Түркияның Ыстанбұл қаласынан келген Кемал Фатих Полаттың "Карагөз" театры "Әлем жұлдыздарының шоуы" спектакльдерін ұсынды. Сондай-ақ М. Жангазиев атындағы Қырғыз мемлекеттік қуыршақ театры "Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет" қойылымын сахналады.

Фото: Алматы қуыршақ театры

22 қазанда көрермен назарына Өзбекстанның Ферғана облыстық қуыршақ театрының "Чемодан", Молдованың Кишинев қаласындағы "Izvorașul Vesel" қуыршақ театрының "Теңбілді ханшайым", Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театрының "Қағазды жаңбыр" спектакльдері ұсынылады. Әзербайжанның Гянджа мемлекеттік қуыршақ театры "Етік киген мысық" қойылымын, Грузияның Озургети қаласындағы Александр Цуцунава атындағы кәсіби мемлекеттік драма театры "Ит" спектаклін көрсетті. Ал Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры фестиваль қонақтары мен қатысушыларына "Taza.KZ" спектаклін ұсынды.

23 қазанда Италияның Флоренция қаласындағы халықаралық театр орталығы "Жұлдызды жаңбыр" спектаклін көрсетеді. Ресейдің Татарстан Республикасындағы "Экият" Татар мемлекеттік академиялық қуыршақ театры "Адәмнәр", Қ. Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры "Алқызыл гүл", Екатеринбург қаласындағы "Тохот" театры "Аңдар детективі" қойылымдарымен қатысады.

Фото: Алматы қуыршақ театры

24 қазанда Францияның Париж қаласындағы "Le Soleil des Abysses" театры "Рамаяна" спектаклін, Қостанай облыстық қуыршақ театры "Жындының жазбалары" қойылымын ұсынады. Сонымен қатар режиссер, профессор Құралай Ешмұратованың "Қуыршақ театры: дәстүрден заманауи өнерге дейін" тақырыбында шеберлік сағаты өтеді. Бұл кәсіби кездесу қуыршақ театрының көркемдік мүмкіндіктерін тереңірек зерделеуге, дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығын талқылауға бағытталған.

Фестивальге қатысушы спектакльдерді отандық және шетелдік театр өнерінің мамандарынан құралған кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Қазылар алқасы спектакльдерді режиссерлік шешім, актерлік орындаушылық, қуыршақ жүргізу шеберлігі, сценография және көркемдік тұтастық өлшемдері бойынша саралайды. Мұндай кәсіби бағалау театр ұжымдарының шығармашылық жетістіктерін айқындап, қуыршақ өнерінің даму үрдістерін талдауға мүмкіндік береді.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау