Алматыдағы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры өзінің жаңа маусымына орай төрт премьера әзірледі, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі. Көрермендер премьералық қойылымдардың 15-18 қыркүйек аралығында тамашалай алады.
"Алты жасар Алпамыс" спектаклі көрерменге 15 қыркүйек күні 15:30-да ұсынылады.
Балаларға арналған таңдаулы туындылардың қатарындағы Абдолла Қарсақбаевтың көркем фильмі негізінде сахналанған адаптация алғаш рет қуыршақ бейнесінде театр сахнасына жол тартты. Білімге деген құштарлық пен арманға адалдықты арқау еткен спектакль 5 жастан асқан көрермендерге арналған.
"Жақсылық пен жамандық" спектаклінің премьерасы 16 қыркүйек күні сағат 14:00-де өтеді.
Қойылымның негізгі мақсаты – жас көрерменге қазақ халқының рухани мұрасын таныстырып, оның ішінде қасиетті домбыра аспабының маңызын насихаттау. Ұлттық өнерді заманауи сахналық шешімдермен ұштастыра отырып, спектакль өскелең ұрпақтың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыруды көздейді.
"Taza.kz" спектаклі 17 қыркүйекте сағат 14:00-де бірінші рет қойылады.
6 жастан асқан көрермендерге арналған буффонада жанрындағы туынды республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясының маңызын дәріптеуге бағытталған. Спектакль қоршаған ортаға, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
"Алматының алмасы" спектаклі 18 қыркүйек күні сағат 14:00-де премьералар апталығын тәмамдайды.
Бұл спектакль еліміздің мәдени астанасы саналатын Алматы қаласының туған күніне орай ұсынылған қойылым шаһардың тарихын, өзіндік ерекшелігін және туған жерге деген сүйіспеншілікті жас көрерменге ертегі әлемі арқылы таныстыруды көздейді. Спектакль 6 жастан бастап көрермендерге арналған.
"Қазақша қуыршақтарға шетелден тапсырыс беретіндер көп". Қолөнер шеберімен сұхбат
"Ромео мен Джульетта" қуыршақ спектаклі Румынияда қазақ тілінде қойылады