Қазақстандық парадзюдошы Бексұлтан Құлмырза Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Ол J2 санатында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында оңтүстіккореялық Ким Донхунды иппонмен жеңді, деп хабарлайды ҰОК баспасөз қызметі.
Осы санатта өнер көрсеткен Ғалымжан Смағұлұлы да жүлдегер атанды. Ол 81 келіге дейінгі салмақта Иран өкілі Реза Голамиді жеңіп, қола медаль иеленді.
Әйелдер арасында Даяна Федосова J2 санатында 60 келіге дейінгі салмақта қола жүлдеге қол жеткізді. Ол қола медаль үшін өткен белдесуде сингапурлық Хунг Джоан Хуэй Синді иппонмен жеңді.
Қазақстан қоржынында 20 медаль бар
Осылайша, қазақстандық парадзюдошылар Азия Пара ойындарында бір алтын және екі қола медаль жеңіп алды.
Қазіргі уақытта ұлттық құрама қоржынында төрт алтынды қоса есептегенде, жалпы 20 медаль бар.