"Машинаны саттық, үйді кепілге қойдық". Жамбылда жекеменшік мектептерге бөлінетін қаражат кешігіп жатыр

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Мұғалімдер екі айдан бері жалақы алмаған.

Жамбыл облысында 80-ге жуық жекеменшік мектептің құрылтайшысы әкімдік алдына жиналып, мемлекеттік қаржының кешігуіне шағымданды. Олардың айтуынша, екі мыңға жуық мұғалім екі айдан бері жалақы алмаған. Ал жауапты басқарма қажетті қаражат көлемі әлі есептеліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

Мектеп басшыларының сөзінше, мәселе облыстың он ауданындағы жекеменшік білім беру ұйымдарына ортақ. Олар мемлекеттік тапсырыс аясында бөлінуі тиіс қаражатты ала алмай, қызметкерлерге жалақы төлеуде қиындыққа тап болған.

"Машинаны саттық, үйді кепілге қойдық"

Мектеп құрылтайшысы Бекзада Тайшықованың айтуынша, жалақының кешігуі қызметкерлерді де, мектеп басшыларын да тығырыққа тіреген. Оның сөзінше, құрылтайшылар жалақы төлеу үшін жеке мүлкін сатуға және үйін кепілге қоюға мәжбүр болған.

"Бізде айлықта тұрақтылық жоқ. Уже екінші ай болды айлық алып жатқан жоқпыз. Қызметкерлерімізге даже жұмысқа баруға бет жоқ. Былтыр да осы болған, сентябрь, октябрь, ноябрді қосып алдық. Сататын дүниенің бәрін саттық. Машинаны саттық. Үйді залогқа қойдық", – деді ол.

Құрылтайшылардың айтуынша, мәселені шешу үшін аудан әкімдіктеріне, білім бөлімдеріне және басқармаға жүгінгенімен, әр мекеме келесісіне сілтеп келген. Олар мектептерді 20 жыл бойы жаппау жөнінде келісім жасағанын, ал мемлекет тарапынан жан басына шаққандағы қаржы мен құрылыс шығындарын өтеуге қатысты міндеттемелер болғанын айтады.

Мектеп құрылтайшысы Шолпан Тоқбергенованың сөзінше, өзге өңірлерде төлем жасалғанымен, Жамбыл облысында қаржы әлі берілмеген.

"Бірнеше облыстар төлеген. Атырау, Ақтау бәрі төленген. Біздің Жамбыл облысы ғана қалды. Неге деп аудан әкіміне бардық. Біз дотационный облыспыз. Сондықтан ақша жоқ дейді. Бізде ақша қашан болады? Біз договорда отырмыз ғой. Ал жауып тастайық десек, жаба алмаймыз. Егер де қазір жабатын болсақ, мен төрт жылдан бері істеп келе жатырмын. Төрт жылдың ақшасын қайтарады екенмін", – деді ол.

Құрылтайшылардың айтуынша, қаржының кешігуі биыл ғана болған жағдай емес. Былтыр да бірнеше айдың жалақысын жыл соңында алғандарын, сол кезде мәселені наразылық білдіргеннен кейін ғана шеше алғандарын жеткізді.

Білім басқармасы өтініш қабылдауды бастады

Мектеп басшыларының шағымынан кейін мемлекеттік тапсырысқа қатысты өтініш қабылдау порталы ашылған. Жамбыл облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Күнiмжан Жанғожаеваның айтуынша, өтініш қабылдау 23 қазанда аяқталады. Одан кейін келісімшарттар жасалып, тиісті қаражат төленеді.

"Білім басқармасы тарапынан хабарландыру берілді. Порталға. 23 қазанда заявка қабылдау бітеді. Содан кейін келісімшарт жасалынып, тиісті қаражаттар төленеді. Мемлекеттік тапсырыс қажет пе, қажет емес пе, тиісті есептеулер жүргізілді", – деді ол.

Жауапты тараптың түсіндіруінше, мемлекеттік сатып алу шарасын өткізу қажеттілігіне қатысты мәселені саралауға уақыт кеткен. Енді әр мектепке қанша қаражат қажет екені есептелмек.

Осылайша, екі айдан бері жалақы ала алмай отырған мұғалімдердің мәселесі өтініштер қабылданып, келісімшарттар жасалғаннан кейін шешілуі тиіс.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау