Қытайдың оңтүстік-батысындағы Тибет автономиялық ауданында магнитудасы 7,0 болатын жер сілкінісі болып, 16 адам қаза тапты, тағы 65 адам жарақат алды. Бұл туралы Нагчу қаласының жедел штабы мәлімдеді.
Жер сілкінісі бейсенбі күні Бейжің уақытымен сағат 22:33-те Нагчу қаласына қарасты Бачен уезінде болған. Қытайдың сейсмологиялық желілер орталығының мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Тибеттің солтүстігіндегі Мару елді мекенінің маңында, 10 шақырым тереңдікте орналасқан.
Алғашқы күшті дүмпулерден кейін магнитудасы шамамен 3-4 болатын бірнеше қайталама жер сілкінісі тіркелген. Қытайдың сейсмологиялық басқармасы төтенше жағдайларға ден қоюдың екінші деңгейін енгізді.
Жергілікті биліктің хабарлауынша, эпицентрге жақын орналасқан ауылдардың кейбір үйлерінің қабырғаларында жарықтар пайда болып, электрмен жабдықтау жүйесі бұзылған. Дүмпулер кезінде тұрғындар үйлерінен шығып, көшеде немесе жол жиегіне қойылған көліктерде паналаған.
Жергілікті тұрғындардың бірі қатты дүмпуден оянып, үйінің жер сілкінісінен сықырлағанын естігенін айтқан.
Зардап шеккен аймаққа өрт сөндіру-құтқару топтары жіберілді.
Бұл – 2024 жылғы қаңтардан бері Қытайда тіркелген ең күшті жер сілкінісі.
Қырғызстанда жер сілкінісі жиіледі. Қауіптенуге негіз бар ма