Отбасы банкі ЕҰУ оқытушылары мен ғалымдарына арналған тұрғын үй бағдарламасын іске қосады

Фото: Отбасы банк
Фото: Отбасы банк
Келісім бойынша университет әр қызметкерге үш жыл мерзімге 6 млн теңгеге дейін ссуда бөледі.

Отбасы банкі Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен оқытушылар мен ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске қосу туралы келісімге қол қойды. Жобаға университет 200 млн теңге бөлген. Бастапқы кезеңде осы қаражат есебінен 33 қызметкерге қолдау көрсету жоспарланып отыр.

ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызының айтуынша, бағдарлама жас мамандардың баспана мәселесін шешуге және олардың университетте тұрақтап жұмыс істеуіне жағдай жасауға бағытталған.

"Бұл – университет үшін жауапкершілігі жоғары, батыл қадам. Біз қызметкерлеріміздің университетте еңбек етіп, ғылыми әлеуетімізді дамытуға үлес қосқанын қалаймыз. Жеке баспананың болуы адамның ертеңгі күнге сенімділігі мен отбасының әл-ауқаты үшін маңызды", – деді проректор Ләззат Төлегенқызы.

Оның айтуынша, университеттің профессор-оқытушылар құрамында шамамен 1500 қызметкер бар. Олардың бір бөлігі туыстарымен бірге, жатақханада немесе жалдамалы пәтерде тұрады. Сондықтан тұрғын үй бағдарламасы қызметкерлерді әлеуметтік қолдаудың бір тетігі болмақ.

Келісім бойынша университет әр қызметкерге үш жыл мерзімге 6 млн теңгеге дейін ссуда бөледі. Ләззат Төлегенқызының түсіндіруінше, әдетте баспана құнының 50%-ын жинаған салымшылар аралық қарыз рәсімдеу үшін бағалау көрсеткішінің қажетті деңгейге жетуін бірнеше ай күтуі мүмкін. Ал ЕҰУ-мен жасалған келісім аясында қызметкерлерге бұл көрсеткішті күтудің қажеті жоқ. Олар баспана құнының жартысын жинаған соң, аралық қарызды бірден рәсімдей алады. Бұл тұрғын үй сатып алу үшін күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. 

Фото: Отбасы банк

"Отбасы банк" АҚ басқарушы директоры – Орталық филиалының директоры Жанар Ізімбетованың айтуынша, ЕҰУ – Астанада осы бағдарламаға қатысуға келіскен алғашқы университет. Жоба университеттің 30 жылдығына орайластырылған.

"Әр мықты университеттің артында күн сайын білімі мен күш-жігерін білім мен ғылымды дамытуға арнайтын оқытушылар, ғалымдар, зерттеушілер мен мамандар тұр. Олар үшін меншікті баспана – ертеңгі күнге деген сенімділік. Біздің бірлескен жобамыз қоныс тойын тездетуге көмектеседі. Университет қызметкерлері Астанадағы бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да пәтер сатып ала алады. Банктен берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 40 млн теңге. Пайыздық мөлшерлемесі жылдық 7%-дан басталады, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ) 7,3%-дан 9,6%-ға дейін болады", – деді Жанар Ізімбетова.

ЕҰУ персоналды басқару басқармасының басшысы Төлеген Жолдыбалиновтың айтуынша, бағдарламаға қатысушыларды іріктеу критерийлері әлі түпкілікті бекітілмеген. Алдын ала ереже әзірленген, қазір нақты талаптар пысықталып жатыр.

"Бірінші кезекте жас ғалымдар мен жас оқытушыларға басымдық беруді жоспарлап отырмыз. Қызметкердің жасын, ғылыми дәрежесін, ғылыми жобалары мен жарияланымдарын қарастыруымыз мүмкін. Сонымен қатар оның атында тұрғын үйдің бар-жоғын тексереміз", – деді ол.

Төлеген Жолдыбалиновтың сөзінше, нақты критерийлер бекітіліп, комиссия құрылғаннан кейін қызметкерлер іріктеледі. Университет оларды 2026 жылдың соңына дейін "Отбасы банктің" алдын ала сараптау кезеңіне жіберуді жоспарлап отыр.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау