Алматыда 1200 отбасы баспанасынан айырылуы мүмкін. Компанияның миллиардтаған қарызы бар

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Алматыда 1200 отбасының баспанасына қауіп төніп тұр.

Алматыдағы "Алтын бұлақ", "Кәусар", "Жағалау" және "Үштөбе" тұрғын үй кешендерінің тұрғындары баспанасынан айырылып қаламыз ба деп алаңдап отыр. Олардың айтуынша, пәтерлерді кейіннен сатып алу құқығымен жалға берген ONDIRIS BUILDING компаниясының "Проблемалық кредиттер қоры" алдындағы миллиардтаған теңге берешегі бар. Тұрғындар баспана ақысын жылдар бойы төлеп келгенімен, пәтерлерін өз атына рәсімдей алмай отыр, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы

Тұрғындар пәтер ақысын төлеген, бірақ үйін рәсімдей алмай жүр

Тұрғындардың айтуынша, олардың басым бөлігі шамамен он жыл бұрын ONDIRIS BUILDING компаниясымен келісімшарт жасасып, пәтерлерді кейіннен сатып алу құқығымен жалға алған. Содан бері ай сайынғы төлемдерін үзбей төлеп келген. Тіпті, жүзден астам отбасы пәтер құнын толық өтеген. Алайда олар әлі күнге дейін баспаналарын өз меншігіне рәсімдей алмай отыр.

Алматы тұрғыны Бағлан Ибрагимовтың сөзінше, тұрғындар мен қор арасында тікелей келісімшарт жоқ. Оның айтуынша, қор алдындағы міндеттемелердің орындалмауы тұрғындардың жағдайын қиындатып отыр.

"Өндіріспен біз ғана договордамыз. Қормен бізде договор да жоқ. Қор айтады, "Өндіріспен проблеманы шешіңдер" деп. Өндіріс 13-14 миллиардтың 9 миллиард теңгесін қорға жібермеген. Оны сараптама дәлелдеді. Төрт миллиард жіберген, тоғыз миллиард жоқ. Қайда кетуі мүмкін ол ақша, оны біз білмейміз", – дейді ол.

Тұрғындардың айтуынша, компанияның қорға алдындағы жалпы берешегі 67 миллиард теңгеге жеткен. Олар қарызды өндіріп алу туралы сот шешімі шыққанын да айтады. Енді компания міндеттемелерін орындамаса, өздері тұрып жатқан пәтерлерге де қауіп төнуі мүмкін деп алаңдайды.

"Маңдай терімізбен тапқан ақшамыз": тұрғындар не дейді?

Алматы тұрғыны Фатима Әшірбекованың айтуынша, істің жеке сот орындаушыларына берілгені тұрғындардың алаңдаушылығын күшейткен. Ол жылдар бойы еңбек етіп, баспанаға ақша жинаған отбасылардың тағдырына алаңдайды.

Мәселенің мән-жайын анықтау үшін тілші ONDIRIS BUILDING компаниясының кеңсесіне барған. Алайда кеңсе жабық болғандықтан, компания өкілдерінен түсініктеме алу мүмкін болмаған. Ал "Проблемалық кредиттер қоры" тұрғындарды баспанасынан айыру мақсаты жоқ екенін мәлімдеді. Қордың ресми өкілі Ардагер Уайдиннің айтуынша, мәселе қолданыстағы заңнама аясында шешілуге тиіс.

"Біздің азаматтарды баспанадан шығару немесе тұрғын үйден айыру мақсатымыз жоқ екенін осы орайда ерекше атап өткіміз келеді. Біздің негізгі ұстанымымыз – туындаған мәселелердің Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында реттелуіне қол жеткізу. Осы мәселелер бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлаймыз", – деді ол.

Қазір тұрғындар компанияның берешегіне байланысты өздері зардап шекпеуді талап етіп отыр. Олар жылдар бойы төлеген ақшалары ескеріліп, пәтерлерін өз меншігіне рәсімдеу мәселесі шешілгенін қалайды. Ал даудың түпкілікті қалай аяқталатыны сотқа дейінгі тергеп-тексеру мен кейінгі құқықтық шешімдерге байланысты.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау