Қазақстанда мектеп түлектерінің басым бөлігі кейін ЖОО бітірген соң өз өңіріне оралып, жұмыс істеуді қаламайды. Бұл тұжырымға JUZ40 оқу орталығының 2026 жылғы аналитикалық зерттеуі негіз болып отыр.
Сауалнамадағы "Алматы немесе Астана секілді ірі қалаларда білім алу немен маңызды?" деген сұраққа оқушылардың басым бөлігі карьералық уәжді алға тартты. Жауап берушілердің 82,1%-ы ірі қалада оқуды "карьералық өсуге жол ашық, оқу бітіргеннен кейін қалып, жұмыс істегім келеді" деп түсіндірсе, 52,9%-ы басты себеп ретінде білім сапасының жоғарылығын атаған. 44,2%-ы студенттік өмірді қызықты өткізуді мақсат етеді.
Бұл нәтиже өңірлердегі еңбек нарығы мен кәсіби мүмкіндіктердің жастардың шешіміне әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді.
Ал "Оқу бітіргеннен кейін туған өңіріңе қайтуды жоспарлайсың ба?" деген сұраққа респонденттердің 57,4%-ы "Жоқ" деп жауап берген.
"Жауаптар өңірлік теңсіздіктің бірнеше қырын көрсетеді. Карьералық өсу жолдарының аздығы – 51,3%, жұмыс мүмкіндіктерінің аздығы – 46,1%. Бұл екі жауапты қосып, "97,4% оқушы өңірлік еңбек нарығын тартымсыз деп санайды" деу дұрыс емес, өйткені сауалнамада бірнеше жауап таңдауға мүмкіндік болған және бір оқушы екі нұсқаны да белгілей алған. Дұрысы – бұл екі фактордың ең жиі аталған кедергілердің қатарында тұрғанын атап өту. Ауылдан қалаға ішкі көші-қон – жастар арасындағы өзекті үрдіс", – делінген зерттеуде.
Айта кетейік, зерттеуге Қазақстанның 20 өңірінен 13 246 оқушы қатысқан.
7 жылда 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды – Тоқаев
Қазақстанның қай өңірлерінде білім сапасы төмен? Тоқаев ескерту жасады