Ақмола облысында, 40 шақырым жердегі Ақмол ауылында ерекше балаларға арналған оңалту орталығы салынып жатыр. Кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асып жатқан жобаға мемлекеттің бюджет қаражаты тартылмаған. Бұл туралы 31 арнаның Информбюро бағдарламасы хабарлады.
Жоспар бойынша, 2027 жылы көктемде аяқталатын оңалту орталығында жүзге жуық ұл-қыз ем алады.
"Жаңа орталықтың салынатынын естіген ауыл тұрғындары ерекше қуанып жүр. Өйткені, мұндай көмекке мұқтаж отбасылар аз емес екен. Ресми мәліметке сүйенсек Ақмола облысында ерекше күтімдегі балалардың саны 600 жетіп жығылады. Ал, қазір Ақмол ауылындағы жалға алынған оңалту орталығына бар болғаны 30 бала сыяды. Сондықтан да шалғайдағы отбасылар үшін күн сайын қатынау оңай емес. Осы мәселені шешу үшін жаңа ғимарат салу қолға алынған", – делінген арнаның хабарламасында.
Кәсіпкерлерді біріктіріп, "Халық құрылысы" жобасын бастаған жан – блогер әрі құрылысшы Әлібек Ермағамбетов.
Құрылыс материалдары мен техника жөнінен кәсіпкерлердің қолдауы үлкен. Ал жергілікті әкімдік жер бөліп, қажетті инфрақұрылымды тартуға көмектескен.
"Жаңа жоба жасадық. Құрылыс аумағы – 1350 шаршы метр. Мемлекеттен не халықтан аөша жинап жатқан жоқпыз. Тек кәсіпкерлер көмектесіп, құрылыс материалдарын береді. Біз ғимаратты саламыз. Қолақысын төлеу қажет болса, өзіміз төлеп жатырмыз", – деді Әлібек Ермағамбетов.
Құрылыс келер жылдың көктемінде аяқталады деп жоспарланған. Орталық іске қосылғаннан кейін балалар тегін ем алып, қалаға қатынамайтын болады.