Отандық лоукостер FlyArystan әуе компаниясы араға бір күн салып, Алматы – Павлодар әуе рейсін қайта іске қосты.
Еске салсақ, 20 қазанда Алматыдан Павлодарға ұшқан FS-7131 рейсі Алматыға кері оралуға мәжбүр болды. Мұны әуе компаниясының баспасөз қызметі Павлодар әуежайында әуе кемесінің мұздануына қарсы өңдеу шараларын жүргізу мүмкіндігінің болмауымен түсіндірген болатын.
"Ұшу кезінде Павлодардағы ауа райы болжамы нашарлап, жауын-шашын болатыны белгілі болды. Мұндай жағдайда әуе кемесі ұшар алдында мұздануға қарсы өңдеу міндетті түрде жүргізілуі керек. Павлодардан рейстің қауіпсіз ұшуы мүмкін болмай қалу қаупі болғандықтан, оның алдын алу үшін әуе кемесін Алматыға қайтару туралы шешім қабылданды", – делінген еді FlyArystan жауабында.
Ал бүгіннен бастап компанияның бұл бағыттағы рейстері қалыпты режиміне көшті.
Айта кетейік, мұндай жағдай кезінде жолаушылар бос орындар болған жағдайда жақын арадағы рейске билетті бір рет тегін қайта брондай алады немесе билет құнын толық қайтара алады.
Алматыдан Павлодарға ұшқан рейс кері оралды. FlyArystan себебін түсіндірді