Күмәнді сілтеме арқылы аккаунтынан айырылған адамның атынан алаяқтар оның туыстары мен таныстарына хабарлама жіберіп, қарызға ақша сұрауы мүмкін. Мамандар мұндай хабарламалардан қалай қорғану керегін түсіндірді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Сашаға дауыс берші". Бір қарағанда, бұл қарапайым өтініш сияқты. Алайда осындай хабарламаның кесірінен мессенджердегі аккаунтыңыздан айырылып, жақындарыңыздың алаяқтарға ақша аударуына себеп болуыңыз мүмкін. Ең қауіптісі — хабарламаны сізге бейтаныс адам емес, танысыңыздың атынан жіберуі ықтимал.
Полиция қызметкерлері WhatsApp пен Telegram арқылы келетін "Қызым байқауға қатысып жатыр, дауыс беріп жіберші" деген өтініштерге бірден сенбеуге шақырады. Алаяқтар адамның қызығушылығы мен танысына деген сенімін пайдаланып, оны жалған сілтемеге өтуге итермелейді.
МҰРАТБЕК АЯҒАНОВ, СҚО полиция департаменті киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы:
"Алаяқтар сіздің аккаунтыңыздың атынан контактілеріңізге хабарламалар жібереді. Онда қарызға ақша сұрайды. Ақша сұраған кезде өз шотына емес, басқа адамның шотына аударуды талап етеді. Аккаунтты алаяқтардан қорғау үшін WhatsApp мессенджеріндегі екі қадамды растау функциясын қосып, алты саннан тұратын PIN-код орнату керек".
Солтүстік Қазақстан облысында осы схема бойынша алаяқтықтың 14 дерегі тіркелген.
Жалған сілтеме арқылы аккаунтқа қалай қол жеткізеді?
Мамандардың айтуынша, күмәнді сілтемені ашудың өзі аккаунттың бірден бұзылғанын білдірмейді. Қауіп адамның одан кейін қандай әрекет жасағанына байланысты. Мәселен, жалған сайтқа телефон нөмірін енгізіп, мессенджерден келген растау кодын беру алаяқтарға аккаунтқа қол жеткізуге мүмкіндік беруі мүмкін.
ЕВГЕНИЙ ПИТОЛИН, киберқауіпсіздік сарапшысы:
"Сілтеме мессенджердің немесе әлеуметтік желінің жалған парақшасына апарады. Ол WhatsApp, Facebook, Instagram немесе басқа платформаның интерфейсіне ұқсайды. Сайт сізден жеке басыңызды растауды, дауыс беруді немесе телефон нөміріңізді енгізуді сұрайды. Жалған сайтқа нөміріңізді енгізген кезде, телефоныңызға WhatsApp-тан растау коды келеді. Жалған парақша жалғастыру үшін сол кодты енгізуді сұрайды. Сіз кодты енгізген сәтте алаяқтың құрылғысы аккаунтыңызға қосымша құрылғы ретінде тіркелуі мүмкін".
Алаяқтарға алданбау үшін мамандар бірнеше қарапайым ережені сақтауға кеңес береді:
- Танысыңыздан күмәнді сілтеме келсе, оны ашпай тұрып, телефон шалып, хабарламаның рас-өтірігін анықтаңыз.
- SMS арқылы келген растау кодын, PIN-кодты және басқа құпия деректерді ешкімге бермеңіз.
- WhatsApp-та екі қадамды растау функциясын қосып, PIN-код орнатыңыз.
- Аккаунтыңызға белгісіз құрылғы қосылған-қосылмағанын тексеріңіз.
- Танысыңыз сізден қарызға ақша сұраса, басқа байланыс арнасы арқылы хабарласып, өтінішін нақтылаңыз.
- Егер аккаунтыңызға бөтен біреу кіргенін байқасаңыз, оны қалпына келтіру шараларын дереу қолға алып, жақындарыңызға сіздің атыңыздан келген ақша сұраған хабарламаларға сенбеу керегін ескертіңіз.
- Егер алаяқтарға ақша аударып қойсаңыз, дереу банкке хабарласып, аударымды тоқтатуға немесе қаражатты қайтаруға әрекет жасаңыз. Сонымен қатар полицияға арыз беріңіз.