Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында Қазақстанда жүргізілген реформалар еліміздің дамуына тың серпін бергенін айтты.
Президенттің сөзінше, 2019 жылдан бері экономикамыз 30 пайызға жуық өсті. Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім көлемі 15 мың доллардан асты. "Ұлттық қор – балаларға" жобасы аясында 7 миллион баланың есепшотына 2,5 миллиард доллар қаржы аударылды.
"Былтыр 20 миллионнан астам шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындады. Дүниежүзілік банктің мәліметіне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша біздің аймақта көш бастап тұр. Біз ұлттық экономиканың әлеуетін күшейтуге басымдық беріп, баса назар аударып отырмыз. Әлемдегі ең ықпалды елдердің қатарына қосылып, 34-орында тұрмыз. Еліміздің жалпы ішкі өнім көлемі 350 миллиард долларға жетіп келе жатыр. Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберіндегі екінші орын деген сөз", – деді президент.
Мемлекет басшысы соңғы бес жылдың ішінде өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемі 45 пайыздан асқанын да атап өтті.
"Кейінгі жылдары теміржол саласын дамытуда соны серпіліс жасадық. Рельстер мен шпалдардан бастап вагондар мен электровоздарға дейінгі қажеттінің бәрін өзіміз өндіре бастадық. Автокөлік шығару ісі де қарқын алды. Жыл сайын конвейерден 150 мыңнан аса жеңіл және жүк көлігі шығады. Экономикадағы барлық стратегиялық салаға қан жүгірді деп айтуға болады. Еліміздің өркендеуіне ауқымды шетелдік инвестиция септігін тигізіп отыр. Соңғы жеті жылдың ішінде тартылған қаражат көлемі 155 миллиард долларға жетті", – деді мемлекет басшысы.
Ол түрлі елдерге барып, жоғары деңгейдегі халықаралық іс-шараларға қатысу Қазақстанның саяси беделін нығайтып қана қоймай, зор пайдасын тигізіп жатқанына тоқталды.
"Жыл басынан бері жалпы сомасы 60 миллиард доллар болатын 355 коммерциялық келісімге қол қойылды. Осының өзі көп нәрсені аңғартады. Еліміз Еуразияның жетекші көлік-логистика хабы ретінде позициясын нығайта түсті. Әуежайлар, вокзалдар, көпірлер, теңіз айлақтары салынып, жөндеуден өтті. Шекара маңындағы инфрақұрылым жаңғыртылуда", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл маңызды жұмыс ары қарай жалғасатынын атап өтті.
Президент қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады
Президент Жезқазғандағы зауыт балқытушысы Әбдірашит Доспановқа "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын берді