Теміртаудың 4А шағынауданында бүлдіршіндер робототехниканы меңгеріп, сазбалшықтан бұйым жасап, Монтессори әдістемесі бойынша білім алатын жаңа балабақша бой көтеріп жатыр. Мұнда даму ерекшеліктері бар балалардың қатарластарымен бірге білім алып, ойнауына жағдай жасалады. "Қазақстан халқына" қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобаның аясында 320 орындық нысанның таныстырылымы Республика күні қарсаңында металлургтер қаласында өтті.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевқа балабақшада балаларға қандай жағдай жасалатыны таныстырылды.
"Қазақстан халқына" қоры Теміртауда бұрын-соңды болмаған балабақшаның құрылысын қаржыландырып, халықаралық стандарттарға сай бірегей жобаны ұсынды. Мұнда мектепке дейінгі білім берудің заманауи әдістемелерін енгізуге ерекше көңіл бөлінеді. Қордың серіктестері тәрбиешілер мен педагогтерді балаларды дамыту мен оқытудың озық әдістері бойынша жұмыс істеуге даярлайды.
Балалардың жан-жақты дамуы үшін көптеген қызықты мүмкіндік қарастырылған. Балабақшада робототехника кабинеті, алғашқы тәжірибелер жасауға арналған STEM кеңістігі, бейнелеу өнері шеберханасы мен қыш бұйымдарын жасау студиясы ашылады. Сонымен қатар кітапхана мен қысқы бақ болады.
Жобада инклюзивті білім беруге де ерекше назар аударылған. Балабақшада аутизмі, есту, көру, сөйлеу және тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар балалар қатарластарымен бірге тәрбиеленіп, білім ала алатын топтар құрылады. Олар үшін құрғақ бассейндер мен тактильді панельдері бар сенсорлық бөлме, логопед пен психолог кабинеттері, арнайы жаттығу құрылғылары қарастырылады. Тіпті ойыншықтар да балаларды кішкентай кезінен өзгешеліктерді қабылдауға үйрететіндей етіп таңдалады.
Балабақша аумағында көлеңкелі қалқалары бар 13 серуен алаңы, спорт алаңы және ортақ ойын аймағы салынады.
Құрылыс орны да кездейсоқ таңдалмаған. Теміртаудың ескі бөлігінде көптеген жас маман еңбек ететін ірі өнеркәсіп кәсіпорындары орналасқан. Бұл ауданда жаңа тұрғын үйлерге қоныстанушылардың саны да артып келеді. Қазірдің өзінде 180 пәтерлі екі әлеуметтік үйге тұрғындар қоныстанған, тағы 270 пәтерлі үш көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондықтан жаңа балабақшаның салынуы көптеген жас отбасы үшін көптен күткен жаңалық болмақ.
Нысанды 2027 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Балабақша балаларға арналған жаңа орындар ашып қана қоймай, педагогтерді, медицина және техникалық қызмет мамандарын жұмыспен қамтамасыз етеді.
"Балабақша құрылысын аяқтау ғана емес, оның жұмысқа толық дайын болуын қамтамасыз ету де маңызды. Барлық инженерлік коммуникациялар уақытылы тартылып, тиісті желілерге қосылуы тиіс. Құрылыс жұмыстарының сапасына ерекше назар аудару қажет. Осы мақсатта техникалық және авторлық қадағалау қызметтері әр кезеңде тұрақты бақылау жүргізуі керек. Мерзімдердің бұзылуына жол бермей, барлық мәселені жедел шешу қажет", – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
"Қазақстан халқына" қоры Қарағанды облысындағы әлеуметтік жобаларға осы уақытқа дейін 26,3 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. Теміртауда қордың қолдауымен Әлихан Бөкейхан атындағы гимназияның материалдық-техникалық базасы жабдықталып, химия, физика және биология кабинеттері жаңартылды. Сондай-ақ қаланың 30 мектебіне спорт алаңдары орнатылды. Енді қаланың ең кішкентай тұрғындары үшін де жаңа мүмкіндіктер ашылмақ.