Алматының Түрксіб ауданындағы Қайрат шағынауданында заңсыз салынған сауда орындарын бұзу жұмыстары басталды. Нысандардың жалпы аумағы 56,4 мың шаршы метрді құрайды. Бұл туралы қаланың Қала құрылысын бақылау басқармасы хабарлады.
Сауда орындары рұқсат құжаттарынсыз салынған
Басқарманың мәліметінше, тексеру барысында “Статус Construction” ЖШС рұқсат құжаттарынсыз жалпы аумағы 56,4 мың шаршы метр болатын сауда орындарын салғаны анықталған.
Осыған байланысты меншік иесіне қатысты әкімшілік шара қолданылып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген. Алайда нұсқама талаптары орындалмаған.
Сот шешімі өзгеріссіз қалды
Осыдан кейін Қала құрылысын бақылау басқармасы заңсыз нысандарды бұзу туралы талап арызбен Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына жүгінген.
Сот талқылауларының нәтижесінде Алматы қалалық соты мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың заңсыз нысандарды бұзу туралы шешімін өзгеріссіз қалдырған. Іс материалдары сот шешімін орындау үшін Әділет департаментіне жолданған.
Қала құрылысын бақылау басқармасының хабарлауынша, сот шешімін орындау мақсатында меншік иесі нысандарды бұзу жұмыстарын өз бетінше бастаған.