Маңғыстау облысында ұйымдасқан қылмыстық топ 160 мың тоннадан астам мұнай өнімін шетелге заңсыз экспорттаған. Операциялардың жалпы көлемі шамамен 45 млрд теңгеге бағаланып отыр. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті хабарлады.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы Маңғыстау облысының кәсіпкері ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялармен шикі мұнай сатып алу туралы келісімшарттар жасасқан.
Кейін мұнай Standart Petroleum және Mangystau Oil Refining шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңделіп, дайын өнімге жалған сапа паспорттары рәсімделген. Одан соң өнім пеш отыны ретінде көрсетіліп, Ақтау теңіз порты арқылы танкерлермен шетелге шығарылған.
"2019-2023 жылдар аралығында тек "Batys Nefte Trade" ЖШС арқылы шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған. Операциялардың жалпы көлемі шамамен 45 млрд теңгеге бағаланған", – деп хабарлады ҰҚК.
Бес адам сегіз жылға сотталды
ҰҚК мәліметінше, биыл жүргізілген тергеу әрекеттері аясында қылмыстық іске қатысы бар тұлғалардың активтері, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкер және өзге де мүлкі тәркіленген. Сонымен қатар заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар бойынша мемлекет кірісіне 2 млрд теңгеден астам қаражат өндірілген.
Бұған дейін Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары Қылмыстық кодекстің 234-бабы 3-бөлігі және 262-бабы 2-бөлігі бойынша сегіз жылға бас бостандығынан айырылған. Ал қылмыстық схеманы ұйымдастырды деген күдікке ілінген кәсіпкер халықаралық іздеуге жарияланған.