Бүгін, 20 қазанда FlyArystan әуе компаниясының Алматыдан Павлодарға ұшқан FS-7131 рейсі Алматыға кері оралуға мәжбүр болды. Әуе компаниясының баспасөз қызметінің түсіндіруінше, бұған Павлодар әуежайында әуе кемесінің мұздануына қарсы өңдеу шараларын жүргізу мүмкіндігінің болмауы себеп болған.
"Ұшу кезінде Павлодардағы ауа райы болжамы нашарлап, жауын-шашын болатыны белгілі болды. Мұндай жағдайда әуе кемесі ұшар алдында мұздануға қарсы өңдеу міндетті түрде жүргізілуі керек. Павлодардан рейстің қауіпсіз ұшуы мүмкін болмай қалу қаупі болғандықтан, оның алдын алу үшін әуе кемесін Алматыға қайтару туралы шешім қабылданды", – делінген FlyArystan жауабында.
Сондай-ақ, Павлодардан Алматыға қарай кері бағыттағы FS-7132 рейсі де орындалмайды. Рейстердің қашан жасалатыны туралы қосымша хабарланады.
Компания түсіндірмесі: Мұздануға қарсы өңдеу не үшін қажет?
Жауын-шашын кезінде ауа температурасы нөл градус шамасында болса, ұшақтың бетінде мұз, қырау немесе қар пайда болуы мүмкін. Бұл ұшақ қанатының аэродинамикалық қасиеттерін нашарлатады.
Мұздануға қарсы арнайы сұйықтық ұшақ бетіндегі мұз бен басқа да қатқан қалдықтарды кетіріп, олардың қайта пайда болуына жол бермейді. Ұшу қауіпсіздігі талаптарына сәйкес, мұндай жағдайда тиісті өңдеуден өтпеген әуе кемесінің ұшуына рұқсат етілмейді.
Айта кетейік, жолаушыларға брондау кезінде көрсетілген телефон нөмірлері бойынша хабарламалар жіберілген.
"Жолаушылар бос орындар болған жағдайда жақын арадағы рейске билетті бір рет тегін қайта брондай алады немесе билет құнын толық қайтара алады. FlyArystan қосымшасы немесе flyarystan.com сайты арқылы сатып алынған билеттерді "Менің сапарларым" / "Брондауды басқару" бөлімінде өз бетінше қайта рәсімдеуге немесе қайтаруға болады. Билеттерді байланыс орталығы, басқа сервистер немесе туроператорлар арқылы сатып алған жолаушылар оларды сатып алған жеріне хабарласуы қажет", – делінген компания жауабында.
Қазақстандық тағы бір әуе компаниясы IATA мүшесі болды