Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының репертуарындағы "Ромео мен Джульетта" спектаклі алғаш рет Румынияда өтетін әлемдік "The Craiova International Shakespeare Festival" фестивалі аясында ұсынылады, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметі.
Фестивальге әлемнің 28 елінен 90-нан астам шығармашылық ұжым қатысады. 2026 жылы беделді фестиваль 21-31 мамыр аралығында Крайова қаласының 32 түрлі театр сахнасында өтеді. Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры фестиваль аясында ұсынған спектаклін 28 мамыр күні сағат 19:00-де "Cercul Militar Craiova" мәдени орталығының сахнасында көрсетеді. Алматы қаласының Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры осы ауқымды румын фестиваліне қатысатын алғашқы қазақстандық театр болмақ.
"Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрының "Ромео мен Джульетта" қойылымының тарихы 2019 жылдан басталады. Дәл сол жылы спектакль театр сахнасында режиссер Дина Жұмабаеваның жетекшілігімен қойылған. Бұл спектакль Канада, Болгария, Ресей, Түркия және Қазақстанда өткен халықаралық фестивальдерде бас жүлделі орындарды иеленді. 2025 жылы – Алматы қуыршақ театрының "Ромео мен Джульетта" спектаклі Францияның оңтүстік-шығысындағы Авиньон қаласында өткен "Off Avignon" халықаралық фестиваліне қатысты. Дәл осы фестивальде Шекспир фестивалінің ұйымдастырушылары Қазақстандық театрдың спектаклімен танысып, әртістердің шығармашылық шеберлігін жоғары бағалап, оларды Крайова қаласында өтетін Халықаралық Шекспир фестивалінің 15-ші шығарылымына қатысуға шақырды", – делінген театрдың хабарламасында.
Спектакль қазақ тілінде ұсынылады, сонымен қатар румын және ағылшын тілдерінде субтитрлермен сүйемелденеді.

