Тікелей эфир

Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 4,7 мың адамға қысқарды

Еңбекмині фрилансерлер қызметін цифрлық форматқа көшіру мақсатында "платформалық жұмыс" электрондық сервисін әзірлеуде.

2025 жылға дейін халықтың табысын арттыру жөніндегі бағдарламаны министрлік үш негізгі бағыт бойынша жүргізеді. Олар – жаңа жұмыс орындарын құру, халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, еңбек ресурстары дағдыларын жетілдіру және жастарды кәсіптік бағдарлау, деп мәлімдеді ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.

"Біздің қатысуымызбен барлығы 33 іс-шара қарастырылған. Оның 16-сы тікелей министрлікпен жүзеге асырылатын болады. Бұл шаралар күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын халықтың үлесін азайту, жұмыссыздық көлемін төмендету, 2025 жылға дейін 2 миллиондай жаңа жұмыс орындарын құруды көздейді", – деді министр.

Оның айтуынша, жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жұмыс шеңберінде еңбекмині фрилансерлер қызметін цифрлық форматқа көшіру мақсатында "платформалық жұмыс" электрондық сервисін әзірлеуде. Бұл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін түрлі платформада оңай тіркеуге, қажетті мамандарды тез табуға, еңбек құқықтарын қорғауға және тапсырыс берушілермен қарым-қатынасты ресми түрде рәсімдеуге мүмкіндік береді.


Оқи отырыңыз: Сіз бюджеттік мекемеде жұмыс істейсіз бе? Жалақыңыз биыл қаншаға өскенін біліңіз


Бұдан өзге, Серік Шәпкенов 3 және 4 санаттар бойынша (мамандар мен білікті жұмысшылар) шетелдік жұмыс күшін тартуға квота 4,7 мың адамға қысқартылғанын айтты.

"Жаңа жұмыс орындарын құру өңірлік жұмыспен қамту карталарын өзектендіру және ақпараттық жүйені тұрақты жаңарту арқылы бақыланады", – деп толықтырды Серік Шәпкенов.

Еске салсақ, Жамбыл облысында кәсіпкер жұмыссыз қалған қызметкерлері үшін көмек сұраған еді. Кәсіпкердің айтуынша, басшы ауысқан сайын келісімшарт бұзылады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары