Белгілі ақын Надежда Лушникова өмірден өтті. Қаралы хабарды жазушы Исмаилжан Иминов таратты.
"Бүгін қазақ әдебиетін сүйер қауым арасында көзі тірісінде-ақ есімі аңызға айналған бірегей тұлға, көрнекті ақын-импровизатор Надежда Лушникованың 86 жасында дүниеден өтті", – деп жазды ол.
Ақын Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысының Шамалған ауылында дүниеге келген. Ол қазақша білім алды. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетінде оқыды.
Надежда Лушникова айтыс ақыны болумен қатар, баспа редакторы, мектепте мұғалім болып та қызмет атқарды. Өлең-жырлары "Елім менің" және "Көңіл хошы" деген атпен жеке жинақ болып жарық көрген.