Атырау облысындағы Жангелді ауылында төрт адамның өліміне қатысты іс бойынша өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес баласының тағдырына қатысты сот жеке қаулы шығарды, деп хабарлайды "Ақ Жайық".
Үкімді жариялаған судья Зарема Хамидуллинаның айтуынша, балалардың алдағы тәрбиесі, орналастырылуы және құқықтарының қорғалуы Атырау облысының білім басқармасының бақылауында болады.
Сонымен қатар сот Қызылқоға ауданы әкімдігіне қаза болған отбасының Жангелді ауылындағы тұрғын үйіне мұрагерлік құқықты рәсімдеуді тапсырды. Бұл шешім балалардың мүліктік құқықтарын қорғау мақсатында қабылданған.
Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес баласы бар. Олардың кенжесі 2025 жылы дүниеге келген. Әкесі ұсталғаннан кейін балалар біраз уақыт әжесінің қарауында болған. Алайда 2026 жылғы 3 ақпанда аудандық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия оларды мемлекет қамқорлығына беру туралы шешім қабылдаған. Қазір үш пен тоғыз жас аралығындағы төрт бала Атыраудағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленіп жатыр. Ал ең кенже сәби мамандандырылған сәбилер үйіне орналастырылған.
Оқи отырыңыз: Атыраудағы бір отбасының өлімі: Сұлтан Сәрсемалиев өмір бойына бас бостандығынан айырылды
Істің мән-жайы
2025 жылдың соңында Атырау облысының Жангелдин ауылында тұратын бір отбасы із-түзсіз жоғалып кеткен. Полицияға Мақсот Қарабалиннің, оның жұбайы Нәсіп Өтешқалиеваның және олардың екі ересек баласы – Мейрамгүл мен Наурыздың жоғалғаны туралы арыз 25 желтоқсанда түскен.
Кейін қылмыстық іс адам өлтіру фактісі бойынша тергеліп, 2026 жылғы 6 қаңтарда ерлі-зайыптының мәйіті шаруашылық қорасынан табылған. Тергеу барысында олардың екі ересек баласының да қаза болғаны анықталған.
Осы іс бойынша марқұмдардың бұрынғы күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев айыпталып, сот оны төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Соттың жеке қаулысы бойынша, енді бес баланың тәрбиесі, тұрмыс жағдайы және заңды құқықтарының сақталуы уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында болады.