Астанада "Астана – Қарағанды" тасжолының бір бөлігінде көлік қозғалысының сызбасы уақытша өзгереді. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
Әкімдік мәліметінше, 29 шілде мен 12 тамыз аралығында Қобда тұйығынан А-135 көшесіне дейінгі аралықта жолдың үстіңгі қабатын төсеу жұмыстары жүргізіледі.
"Осыған байланысты аталған учаскеде көлік қозғалысына уақытша ішінара шектеу қойылады. Алайда жол толық жабылмайды – автокөліктер жолдың бір жағымен қатынай береді", – делінген хабарламада.
Қала әкімдігі жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге бағыттарын алдын ала жоспарлап, уақытша өзгерістерді ескеруге кеңес берді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жөндеу жүргізілетін аумақта қажетті жол белгілері мен бағыттаушы құралдар орнатылады.