Тікелей эфир

Асхат Аймағамбетов: Оқушыларға 80 мыңға жуық компьютер мен планшет сатып алынады

Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Сурет depositphotos.com сайтынан алынды
Ертең, 1 сәуірде мектеп оқушыларына тәжірибе ретінде онлайн-сабақ жүргізіледі.

Ал, 2 сәуір күні онлайн ата-аналар жиналысы, 3 сәуірде сынып сағаты өтеді.

Қашықтан оқуға қатысты сұрақ болса, 1450 нөміріне хабарласыңыз.

Бүгін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытуға қатысты сұрақтарға жауап берді. Министрдің айтуынша, Қазақстанда бұған дейін қашықтан оқыту форматы болмағандықтан, қазір білім беру ісінде мынадай мәселелер туып отыр:

  • Техникалық дайындық;
  • Ұстаздардың цифрлық сауаты;
  • Интернет желісінің дайындығы;
  • Техниканың қолжетімдігі.

"Мектеп, колледж, университет педагогтері арнайы курстардан өтіп жатыр. Біз үшін бұл өте маңызды. Қашықтан оқытатын болғандықтан, біз мұғалімдердің цифрлық сауатына көп көңіл бөліп жатырмыз. Әр облыста қашықтан оқыту бойынша жобалық офистері құрылды. Сабақтардың кестеге сәйкес жүргізілуін бақылап отырамыз", – деді министр.

Оқи отырыңыз: Коронавируспен күреске қатысатын дәрігерлерге айына 850 мың теңгеге дейін үстемеақы беріледі

Сондай-ақ, брифингте интернет-провайдерлермен жүргізілген келіссөздер нәтижесінде білім беру ресурстарын арнайы тізім бойынша ақысыз пайдалануға болатыны белгілі болды. Облыс, қала, аудандарда әдістемелік көмек көрсететін Call-орталықтары жұмысын бастайды.

"Білім және ғылым министрлігінде де Call-орталық (хабарласу нөмірі 1450) жұмысын бастады. 5 миллионға жуық оқушы мен студент онлайн оқығанда, біраз мәселе туындайтыны белгілі. Сол сұрақтардың жауабын осы Call-орталықтарға хабарласып, білуге болады", – деді Асхат Аймағамбетов.

3 360 сабақтың теленұсқасы түсіріледі

Министрдің хабарлауынша, қазір Білім және ғылым министрлігі 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатыр:

№1. Теледидар арқылы сабақ жүргізу

"Балапан" және "Еларна" арналарында күн сайын кесте бойынша сабақтар беріліп отырады. Төртінші тоқсанды қамту үшін 3360 сабақ түсірілуі керек. Қазір 300-ден астам сабақ түсіріліп, дайын болды. Осындай қиын кезеңде ұстаздар өздерін жаңа қырынан көрсетіп, тележүргізуші болып жатыр.

Оқи отырыңыз: Коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар қалай жерленеді? Министр бұйрығы, ҚМДБ пәтуасы және шетел тәжірибесі


№2. "Қазақ радиосында" да күн сайын кесте бойынша сабақтар жүргізіледі.
№3. Пошта қызметі арқылы шағын елдімекендердегі оқушыларға білім беру

Қазақстанда мектебі жоқ 1200 елдімекен бар. Бұған дейін осы жердегі оқушылар күн сайын басқа ауылдарға барып, білім алатын. Енді осы оқушылардың білім алу процесі пошта қызметі арқылы жүзеге асырылады.

№4. Интернет жүйесі арқылы білім беру

Оқушыларға компьютер мен планшет таратылады

Білім және ғылым министрінің хабарлауынша, қазір Қазақстанда 300 мыңнан астам оқушының компьютері жоқ. Министрлік бұл мәселені шешудің екі жолын қарастырып отыр:

  • Мектеп балансындағы компьютерлерді оқушыларға уақытша беру. Қазір Алматы қаласының мектептері 10 мыңнан астам компьютерді таратып үлгерді;
  • Қосымша компьютерлер сатып алу.

Оқушыларға арнап 80 мыңға жуық компьютер мен планшет сатып алынады. Ұстаздар да тиісті құрал-жабдықпен қамтылады. Оларды интернетке қосу мәселесін жергілікті әкімдіктер шешеді.

Шағын жинақталған мектептер не істейді?

Асхат Аймағамбетов карантинге қатысты тиісті шараларды қолданған жағдайда шағын жинақталған мектептер әдеттегі сабағын жалғастыра алатынын айтты. Тек сабақтардың ұзақтығы 30 минутқа дейін қысқартылады. Сондай-ақ, оқушылар бұрынғыдай бір ауысым емес, екі ауысымда кезектесіп оқитын болады.

Оқи отырыңыз: Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж

ҰБТ, жазғы каникул уақыты және мұғалімдер жалақысы өзгермейді

Брифингте министр БАҚ өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап берді. Оның айтуынша, карантин әсерінен жазғы каникулдар ұзартылып, не қысқартылмайды. Сонымен қатар, қашықтан оқыту форматына көшу процесі мұғалімдердің жалақысына әсер етпейді. Мұғалімдерді өткізген сабақтарын видеоға түсіруге ешкім мәжбүрлей алмайды. Сондай-ақ, министр ҰБТ уақыты ауыстырылмайтынын да хабарлады.

"Таяуда ҰБТ орталығының сайтына 70 тест нұсқасы салынған. Оқушылар сайтқа кіріп, тегін нұсқалармен дайындала алады".

Серіктестер жаңалықтары