Тікелей эфир

Ауруханалар карантин режимінде қалай жұмыс істейді? Фоторепортаж

Алмаз Төлекенің фотосы
Алмаз Төлекенің фотосы
Алматы аумағынан тыс жерде тұратын медицина қызметкерлеріне тегін жатын орын мен тамақ беріледі.

Informburo.kz тілшілері Алматы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбділдаевпен бірге №7 және №4 клиникалық ауруханаларды аралап, карантин кезіндегі жұмыс тәртібімен танысты.

Қазақстандағы барлық ауруханада 14 наурызда карантин режимі енгізілген болатын. Соған сәйкес, №7 ауруханада да науқастар жатқан палатаға жақындарының кіруіне тыйым салынған. Олар тек әкелген заттарын қалдырып кетеді. Карантин режимі толығымен сақталып отыр.



Оқи отырыңыз: Коронавирустан сақтанудың ең дұрыс тәсілдері. Инфографика

Науқастарды қабылдау бөлімінде антисептик қойылған. Қажет жағдайда науқастарға келушілерге маска, жеке гигиена заттары беріледі.



Аурухананың бас дәрігері Манас Рамазановтың сөзінше, қоймаларда барлық дәрі-дәрмек, соның ішінде профилактикалық дезинфекциялау заттары, спирт, антисептик, медицина қызметкерлеріне қажет арнайы киім, жеке гигиена заттары жеткілікті.



Оқи отырыңыз: "Тәулігіне 604 мың маска өндірілуде". Ақпарат министрі сұрақтарға жауап берді

Қоймада шамамен 80 мың маска бар. Аурухана қызметкерлеріне үш аптаға жетеді. Дегенмен, апта сайын маска жеткізіледі. Бас дәрігердің сөзінше, маска, бір реттік киім, басқа да қорғану заттарымен қамтамасыз етуде ешқандай мәселе жоқ.



Коронавирус бойынша Алматының жедел штабы резервінде 300 мыңға жуық маска бар. Басқарма басшысы Тілеухан Әбілдаевтың сөзінше, медицина мекемелерінің сұранысына қарай резервтен маска беріледі.

"Өзімізде бір апта тұтынатын 15 мың маска болды. Жақында басқарма арқылы 63 мың маска алдық. Басқарма 550 литр спирт берді, осыған дейін 1 тонна 200 литр спирт болды. Қоймадағы таза медициналық спирт үш айға жетеді", – деді аурухананың бас дәрігері Манас Рамазанов.

Мекемедегі дезинфекциялау заттары, санитайзер мен антисептик екі айға жетеді. Стационарға арналған дәріхана қоймасында екі айға жететін қор бар.



Оқи отырыңыз: Мейрамхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары жабық. Карантин кезінде тағы қандай шектеулер қойылады?

Бүгінде 80 науқасқа қызмет көрсетіледі. Бүйрек трансплантациясына дайындалып жүрген науқастар аптасына үш рет ауруханаға келіп, төрт сағаттан гемодиализ емін алады.

"Маска, санитайзер жоқ деген ақпарат тарады. Ол шындыққа жанаспайды, барлығы жеткілікті. Өзімізде маска жеткілікті, ал сұраныс туса, өзге мекемелерге бере аламыз. Штабта дезинфекция заттары да жеткілікті. Тапшылық болса, оны да бөлісуге дайынбыз", – дейді басқарма басшысы.

Ауруханадағы барлық бөлім антисептикпен қамтылған. Еден мен қабырға күн сайын бірнеше рет дезинфекцияланады.

Науқастар үш түсті сызық бойымен:

  • жағдайы аса ауыр науқас қызыл жолақпен;
  • жіті бақылауды талап ететін науқас сары сызықпен;
  • амбулаториялық ем қажет ететіндер жасыл сызықпен жүреді.


Науқастарды медициналық ақпарат жүйесі арқылы электронды форматта тіркейді.

Басқарма басшысынан "аурухана коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды қабылдай ала ма?" деп сұрадық.

"Бұл аурухана коронавирус науқастарына арналмаған. Дегенмен, оны уақыт көрсетеді. Жағдай қалай болатынын әзірге білмейміз. Жұқпалы аурухана, уақытша госпитальдер, карантин нысандарында төсек орындары бар", – дейді Тілеухан Әбілдаев.

Аурухана қызметкерлерінің жалақысы уақытылы төленеді. Штаб коронавируспен күреске қатысқан барлық медицина қызметкеріне бір айлық жалақы көлемінде үстемеақы төлеу шешімін қабылдады.



Оқи отырыңыз: Коронавирус түрлі заттың бетінде қанша уақыт сақталады?

Коронавируспен күреске жұмылдырылған мекеме қызметкерлері осы жылдың бірінші тоқсанында өз ұйымдары есебінен кемінде екі айлық жалақы көлемінде үстемеақы алады.

"Көпшілікті ақпаратты сенімді дереккөздерден алып, жалған қауесетке сенбеуге шақырамын. Қордағы 1 млрд 300 млн теңге үш айға жетеді. Үш айда қаладағы эпидемиология жағдайы тұрақталады деп үміттенеміз", – деді басқарма басшысы.

Осыған дейін маска тіккен медицина қызметкерлері жайлы ақпарат тараған болатын. Бұл ақпарат қауесет болып шықты. Қазір ешбір мекеме қызметкері маска тікпейді. Барлығы сапа стандартына сай маскалармен қамтылған.



Тілеухан Әбілдаевтың сөзінше, қаладағы карантин талабының күшеюіне байланысты жақында емдеу мекемелерінде жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің қалаға жақын маңдағы елді мекендерден келіп-кетуіне тыйым салынды.



Оқи отырыңыз: "Қол жуып, үйде отырғаннан да басқа мәселе бар". Маман пікірі

Осыған байланысты қалалық штаб оларды бірінші кезекте тұрғын жаймен қамтамасыз ету мәселесін қолға алды. Олар қонақ үйлер мен жатақханаларға, кейбірі клиникаға орналастырылды, оларға бір мезгіл тегін тамақ беріледі.

Тілеухан Әбілдаевтың айтуынша, облыстан қалаға келіп жұмыс істейтін 12 мыңнан астам медицина қызметкері бар. Соның бірі – №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігер-травмотологы Қуаныш Жанболатов.

"Карантинге байланысты облыс аумағында тұратындарға берілген тегін жатақханада 19 наурыздан бастап тұрамын. Барлық жағдай жасалған, тегін тамақ береді. Ауруханада масканы үш сағат сайын ауыстырамыз. Карантин басталғанда әкімшілік берген рұқсат қағазбен қалаға кіріп-шығып жүрдік. Шектеулерге байланысты отбасымды, ата-анамды қала сыртындағы үйде қалдырдым. Жағдай тұрақтанғанша үйге бармаймын", – деді дәрігер.



Аурухана кіреберісінде науқастардың қызуы тепловизормен өлшенеді. Тепловизор батарейкамен жұмыс істейді. Медқызметкер Бауыржан Әбжановтың айтуынша, батарейка әр екі күн сайын ауыстырылады. Ол күніне шамамен ауруханаға келген 180 адамды тексереді. Ғимарат ішіндегі күзетші де қызметкерлер мен науқастардың маска киіп жүруін жіті қадағалайды.



Оқи отырыңыз: Коронавирустан аман қалуға болады. Ол үшін дәл қазір не істеу керек?

№4 клиникалық ауруханада жедел жәрдем бригадасымен жеткізілген науқастар қарасы үзілмейді. Оларға қабылдау бөлімінде шұғыл көмек көрсетіледі.



Аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айман Байзолданованың сөзінше, санитайзерлер үнемі толықтырылады.



Оқи отырыңыз: Сіз білуіңіз қажет! Covid-2019 коронавирусынан сақтану шаралары

Мекемеде бір литрлік 582 антисептик құйылған құты бар. Қоймадағы қор – 797 құты. Бөлімдерге 290 сұйық сабын берілген, қордағы мөлшер – 158. Көлемі бір литр 420 құты тері антисептигі таратылған. Аурухана қорында кемінде екі аптаға жететін маска бар. Келісімшарт бойынша маска жеткізіледі.



Басшылық коронавирус жұқтырған науқас анықталған жағдайда бірнеше рет киюге болатын 38 дана арнайы костюм сатып алынған. Олар барлық бөлімге таратылған. Ауруханада кемінде 24 ИВЛ аппараты бар.



Оқи отырыңыз: Үйде жұмыс істейтін мұғалімдерге жалақы төленеді, балабақшадағы бала орны сақталады

Аурухана қызметкерлерінің тең жартысы – Алматы облысының тұрғындары. Карантин енгізілген соң, оларға қала әкімдігі бекіткен рұқсат қағазы берілген.

"30 наурыздан бастап карантин күшейтіледі. Сол себепті ешкім кіріп-шықпайды. Клиника қызметкерлеріне Бөгенбай батыр, 174 мекен жайында орналасқан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жатақханасынан 330 орын берілді. Олар қызметтік автобусымен қатынайды", – деді ол.



Жалақы барлық қызметкерге төленеді. Оның сөзінше, мереке қарсаңында ұжым сыйлықақы алған.



Оқи отырыңыз: Коронавирустан көз жұмғандар үлесі жөнінен Италия неге алға шықты? Осы елде жұмыс істейтін қазақстандық дәрігердің әңгімесі

Жақында басқарма 38 900 маска берген. Дәрі-дәрмек те толық көлемде.



Хирургия бойынша бас дәрігердің орынбасары Әлібек Смағұлов жалақы уақытылы берілетінін, мәселе туындаса, оперативті режимде шешілетінін, маска, дәрі-дәрмек, дезинфекциялау заттары жеткілікті екенін айтты.



Оқи отырыңыз: Карантин талабы күшейді. Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындарына тағы қандай шектеулер қойылды?

Тілеухан Әбілдаев қаладағы барлық медицина мекемесі дәрі-дәрмектер мен қызметкерлерге қажет арнайы киімдер, әртүрлі маскалармен толық қамтылғанын айтты.



Жұқпалы ауруханаларға қорғаныс күші жоғары дәрежедегі маскалар берілген. Мәселе штаб пен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бақылауында.



"Медицина қызметкерлері өздерінің ақ халаттарына, мамандығына сай адал, ел денсаулығы үшін дұрыс жұмыс істеп жатыр деп үлкен сеніммен айта аламын. Азаматтардың денсаулығы үшін күні-түні еңбек ететін медицина қызметкерлері мен ұйымдарын қолдауларыңызды өтінемін", – деп сөзін түйіндеді ол.

Серіктестер жаңалықтары