Тікелей эфир

Тіркелмеген ұялы телефондар біртіндеп байланыстан ажыратылады. Жаңалықтарға шолу

Елордада Хорватия елшілігі ашылды. Көпбалалы отбасыларға баспана беру бағдарламасы мамыр айының аяғында басталады.

Шымкенттік оқушы әлемнің 20 оқу орнынан шақырту алды

Шымкенттегі Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Сымбат Көшерованы Канада, АҚШ, Корея, Швейцарияның жоғары оқу орындары тегін оқуға шақырған. Ол әзірге Бостондағы Hult International Business School аталатын оқу орнын бір нұсқа ретінде қарастырып отыр.

Болашағын бизнес пен экономикамен байланыстыру жоспары бар. Әңгімелесу кезінде жас түлек әкесінің шетелге оқуға жібермеуі мүмкіндігін де ескерткен. Алайда, Бостон университетінің ректоры қызының болашағы үшін оқуға жіберуін өтініп, оның әкесіне хат жолдапты. С.Көшерова SAT Reasoning тестінен 1600 балдың 1580-ін жинаған. IELTS-тан көрсеткіші – 7,5. Қазірдің өзінде Назарбаев университетіне түсетін NUFYP тестін сәтті тапсырып, тегін оқу бағдарламасын жеңіп алған.

Президенттікке кандидат Қосанов Конституция талаптарына сай

Орталық сайлау комиссиясы осылай деп мәлімдеді. Комиссия "Ұлт тағдыры" қозғалысынан ұсынылған кандидат Ә.Қосановқа қол жинау парақтарын беру туралы шешім шығарды. Кандидаттың сенімді өкілдері қол жинаумен айналысады.

Әділ әрі ашық өтетін сайлауды күтеміз

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі Уильям Мозер Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы аясында өз міндеттіліктерін ұстанып, сайлауды әділ өткізетініне сенім білдірді. Бұл ретте АҚШ елшісі қазақстандықтардың дауысы да шешуші рөл атқарады деп атап өтті.

Конституция сөзін жазып, плакат ілгені үшін қамалған алматылық босатылды

Алматының аппеляциялық соты 29 сәуір күні әл-Фараби – Достық даңғыларының бойына ҚР Конституциясындағы "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық" деген цитата жазылған плакат іліп, бес тәулікке қамалған суретші Роман Захаровты қайта босатты.

Сот шағымды сол күні қарап, оған кесілген жазаны 5 АЕК (13 625 теңге) мөлшеріндегі айыппұлға өзгерткен. Кеше таңертең ұсталған Р.Захаровты сот "қоғамдық орынды ластады, ұсақ бұзақылық жасады" деген айыппен жаза тағайындаған болатын.

Ұялы телефондардың тіркелген-тіркелмегенін тексеретін сайт іске қосылды

ҚР Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің телекоммуникация комитеті төрағасы Виталий Ярошенконың айтуынша, қазір абоненттік құрылғылардың сәйкестендіру кодының мәліметтер базасы тестілік режимде жұмыс істеуді бастады. "Деректер базасына енгізілмеген құрылғыларды байланыс операторлары біртіндеп байланыстан ажыратады" дейді ол. Бұл ретте телефондарды тіркеуде проблемалар туындаса, байланыс операторына жүгіну керектігі айтылды.

АҚШ-та қатерлі ісікті емдеу үшін CRISPR технологиясын клиникалық сынау жұмыстары басталды

Клиникалық сынауға қатерлі ісік табылған екі пациент қатыстырылды. Стандартты түрде емделгеннен кейін екеуі де ауруынан айықпаған. Зерттеушілер CRISPR технологиясымен пациенттердің иммундық клеткаларына жасалған ем-дом шарасының тиімділігіне бақылау жасайтын болады.

Мұндай тәсіл бұрын Қытайда қолданылған. Кейін зерттеу нәтижесінде оның зиянсыз екені анықталыпты. Алайда, зерттеушілер бұл технологияны көптеген пациенттерге қолданудың тиімділігіне әуелі көз жеткізу керек деп тапқан. Қазір олар технологияның қауіпсіздігі мен тиімділігін бағалауға уақыт керектігін айтып отыр.

Елордада Хорватия елшілігі ашылды

Елшіліктің ресми ашылу салтанаты бүгін 30 сәуірде өтті. Қазақстанға ресми сапарымен келген Хорватияның вице-премьері, шетел және еуропа істері министрі Мария Пейчинович-Бурич Хорватия Қазақстанмен барлық салада қатынасын, соның ішінде мәдениет аралық байланысты жандандырғысы келетінін айтты.

Бұл ретте ол Хорватияға виза алған қазақстандықтарға саяхаттау жеңіл болатынын да алға тартты. Сенат спикері Д.Назарбаева ел азаматтарының Хорватияға визасыз бару мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Гемофилиямен ауыратын мүгедектер қауымдастығы дәрі-дәрмектен тапшылық көріп отырғандарын айтып, дабыл қақты

Қауымдастық таратқан мәліметке сүйенсек, Қазақстанда осы дертке шалдыққан 841 ересек, 540 бала бар. Тұқым қуалау жолымен таралатын сирек кездесетін ауру елімізде әлеуметтік маңызды аурулар тізіміне кіргізілмеген. Осы себептен мамандары да жоқ.

Қауымдастық төрағасы Тамара Рыбалова "гемофилиямен ауыратын азаматтарға арналған орталық керек" дейді. Қауымдастық мүшелері өзекті мәселелерін Денсаулық сақтау министрлігі мен Мәжіліс депуттаттарына жолдады. Олар жәрдемақы алу үшін осы дертке шалдыққандарға мүгедектік тағайындауды талап етіп отыр.

Жыл басынан бері Алматыда 125 жаңа автобус жолға шықты

№2 автобус паркі №31 және 81 бағыттағы қоғамдық көліктерді жаңарту үшін бейнекамералармен, пандустармен жабдықталған жаңа Yutong маркалы автобустарын сатып алды.

Ертеңнен бастап жолға шығатын жаңа автобустардың қозғалыс жиілігі 100 пайызға жетіп, тасымалданатын жолаушылар легі екі есеге артады деп күтіліп отыр. Қала әкімі Б.Байбек өзінің Twitter-дегі парақшасында жыл соңына дейін тағы 430 автобус сатып алынатынын мәлім етті.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Көпбалалы отбасыларға баспана беру бағдарламасы қашан басталады. 2 пайыздық ипотека беру мамырдың аяғында басталады. Бұл туралы тілшілерге "Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлім етті. Айтуынша, жаңа бағдарламаға төрт және одан көп баласы бас отбасылар, мүмкіндігі шектеулі баланы тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар қатыса алады.

24.kz: Қазақстанда балалар қатысуымен болатын қылмыс саны 5% азайған. Ал арнайы тіркеуде тұрғандар саны 9 мыңнан 7 500-ге төмендеді. Бұл туралы бүгін балалар мүддесін қорғау тақырыбында өткен республикалық жиында айтылды. Оған қатысушылар заң орындарымен байланысты болған жасөспірімдерді қолдап, қоғамға бейімдеу мәселелерін талқылады. Отандық мамандар балалар құқығын қорғауға қатысты халықаралық стандартты елімізге енгізуді көздеп отыр.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары