Көксу ауданына қарасты көрікті Талапты ауылындағы "Көктерек" демалыс аймағында дүркіреп өткен "Сірне Fest 2026" гастрономиялық және этномәдени фестивалі аймақ туризміне жаңа серпін берді. Бұл жай ғана дәм мерекесі емес, қазақтың қонақжайлылығы мен ұлттық рухын әлемге паш еткен зор оқиға болды.
Фестивальдің ең басты сенсациясы алып сірне пісіріп, Қазақстанның рекордтар кітабына ену сәті еді. Өңірдің ең үздік аспаздары бір мезетте 40 бірдей алып қазанда от жағып, дәмді сірне дайындады. Көшпенділердің осы бір бірегей ас мәзірін республикалық және халықаралық деңгейде танытқан бұл сәт отандық гастрономия тарихындағы үлкен белес ретінде қалады. Бүгінде сірне – жас қозы етінен жасалатын тағам ғана емес, Жетісудың терең тарихы мен мырза көңілін білдіретін шынайы брендіне айналып үлгерді.

Үздік аспаз атағы үшін Жетісу облысының барлық қалалары мен аудандарынан келген шеберлер бақ сынасты. Қазылар алқасына ең дәмдісін таңдау оңайға түскен жоқ. Тартысты бәсекенің нәтижесінде бас жүлде мен 500 мың теңгенің ақшалай сертификатын Кербұлақ ауданының командасы жеңіп алса, І орын мен 400 мың теңге алакөлдіктерге бұйырды, ІІ орын мен 300 мың теңге көксулық жергілікті командаға берілді, ал ІІІ орын мен 200 мың теңгені талдықорғандық аспаздар иеленді.
Оқи отырыңыз: Алматы облысында өткен "Қымызмұрындық – 2026" фестиваліне 35 мыңға жуық қонақ келді

Сайыста ерекше белсенділік танытқан өзге де қалалар мен аудандардың командалары назардан тыс қалмай, олардың әрқайсысына 100 мың теңдеген ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Дәм сайысымен қатар, фестиваль алаңында нағыз көшпелі тұрмысты сипаттайтын этноауыл бой көтерді. Қонақтар қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін аралап, бірегей бұйымдарды тамашалады. Ал мәдени бағдарламаның көркі – республикалық айтыс болды. "Алтын домбыра" иегерлері мен елге танымал дүлділдер – Балғынбек Имаш, Жандарбек Бұлғақов, Мақсат Аханов және талантты ақын Мөлдір Айтбай сөз додасына түсіп, көрерменді сөз маржанымен сусындатты.

Фестивальдің шымылдығын қазақ эстрадасының жұлдызы Серікбол Сайлаубек жапты. Мыңдаған көрермен сүйікті әншісімен бірге хит әндерді қосыла шырқап, мерекелік көңіл-күй кештің сәнін кіргізді. "Сірне Fest 2026" бабалар мұрасының аймақтарды біріктірудегі, ұлттық кодты нығайтудағы және ішкі туризмді дамытудағы қуатын тағы бір мәрте дәлелдеп, әрбір қонақтың жүрегінде ұмытылмас әсер қалдырды.