Қасым-Жомарт Тоқаев "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясына қатысты. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысы акция аясында жастар және экобелсенділермен бірге президент саябағында ағаш отырғызды.
Кейін президент жауапты мемлекеттік органдар басшыларының есебін тыңдады.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің баяндауынша, соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған. Жыл соңына дейін тағы 170-тен астам аула мен қоғамдық орын, соның ішінде саябақтар, гүлзарлар мен бульварлар ретке келтіріледі. Сонымен қатар Есіл өзенінің бойында қоғамдық және рекреациялық кеңістіктердің бірыңғай жүйесі қалыптасып келе жатқаны туралы сөз болды. Осы жұмыстар аясында қаланың түрлі бөлігіндегі саябақтар, серуендеу және спорт аймақтары біртұтас жасыл белдеуге біріктіріледі.
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров "Таза Қазақстан" бастамасы жүзеге асырыла бастағаннан бері 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын айтты. Оның аясында 3,8 миллион тонна қоқыс жиналып, 10 мыңға жуық қоқыс төгетін орын жойылған.