Қазақстанда екпе алған 4,8 миллионға жуық адамның 0,06 пайызы ғана коронавирус жұқтырған

Вакцина салдырған қазақстандықтардың 3 165-і коронавирус жұқтырды. Мамандардың пікірінше, бұл екпенің тиімділігін көрсетеді.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова вакцина салдырған соң ауырғандар саны 0,06%-ды құрайтынын хабарлады. 16 шілдедегі мәлімет бойынша, барлығы 4,8 миллионға жуық қазақстандық вакцина салдырса, соның 3 165-і коронавирус жұқтырып отыр. Екпенің:

  • бірінші компонентін – 1 184;
  • екінші компонентін 1 481 адам алған. 

Вакцина түрі бойынша: 

  • Sputnik V – 2 791;
  • Hayat-Vax – 293;
  • QazVac – 59;
  • CoronaVac – 18 адам вакцина салдырғаннан кейін ауырған. 

"Мен айтқан 3 165 адам вакцина салдырған соң, ауруға қарсы иммунитет қалыптасып үлгермеген кезде ауырып отыр. Толыққанды иммунитет екі дозаны салдырып, арада бір айдай уақыт өткен соң қалыптасады. Сол себепті вакцина салдырғандардың 0,06%-ы ғана ауырды дегеніміз – керісінше вакцина салдырудың тиімділігін көрсетіп отыр", – деді Айжан Есмағамбетова. 

Сондай-ақ, 2021 жылдың IV тоқсанында елге Pfizer вакцинасы жеткізіледі. Ол бірінші кезекте 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдерге салынады деп жоспарланып отыр. Оны балаға тек ата-ана рұқсатымен салады. 

"Pfizer вакцинасына қатысты келіссөздер наурыз айынан бастап жүргізілді. Қазақстан Республикасына қатаң талаптар қойылғандықтан, келіссөздердің аяқталуына, қойылған талаптарды жұмсартуға біраз уақыт қажет болды. Сондай-ақ, Pfizer және кез келген вакцина жеткізетін компания құпиялылықты талап етеді. Осы құпиялылық келісіміне қол қойылғандықтан, мен кейбір сұраққа жауап бере алмай отырмын. Бір нәрсені нақты айта аламын – бұл вакцина түрі елге төртінші тоқсанда жеткізіледі", – деді маман. 

Сондай-ақ, Айжан Есмағамбетова осы вакцинаны тұрғындардың қай тобы алатынына тоқталып, әлемде 18 жасқа дейінгі балалардың вакцина салдырмай отырғанына алаңдаушылық білдірді. 

"Бүгінгі таңда Pfizer вакцинасы 12-18 жас аралығындағы балаларға салу үшін қолданылады. Яғни 12 жастан бастап әрі қарай жасқа байланысты шектеу жоқ. Сондықтан қазір балаларға вакцина салу мәселесін қарастырып жатырмыз. Қазақстанда 12-18 жас аралығындағы жасөспірімдердің саны шамамен 2 миллионды құрайды. Бұл айтарлықтай көп. Оның үстіне жаңа "дельта" штамының таралуына байланысты инфекция клиникасы да өзгерді. Тез таралатыны тағы бар. Өкінішке орай, бұл штаммен балалар жиі ауырып жатыр. Қазір мақсатымыз – тек үлкендерді емес, балаларды да қорғау. Келесі қойылатын сұрақты алдын ала болжап, бірден жауап беріп өтейін. Балаларға вакцина тек ата-анасының, ресми өкілінің немесе қамқоршысының рұқсатымен ғана салынады", – деді Айжан Есмағамбетова. 

Читайте новости без рекламы. Скачайте мобильное приложение informburo.kz для iOS или Android.

Поделиться:

 Если вы нашли ошибку в тексте, выделите ее мышью и нажмите Ctrl+Enter

Серіктестер жаңалықтары