Тікелей эфир

Атырау облысында үш ай жалақы алмаған спорт мектебінің қызметкерлері наразылыққа шықты

Шенеуніктер айлықтың кешігуіне туризм және спорт министрлігін кінәлап отыр

Атырау облысында спорт мектебінің қызметкерлері үш айдан бері жалақысын алмаған. Жаттықтырушыдан бастап заңгер, күзетшіге дейін барлығы 85-тен астам маман құрғақ уәдеден шаршағанын айтады. Ал шенеуніктер айлықтың кешігуіне туризм және спорт министрлігін кінәлап отыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Қаладағы жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің қызметкерлері үш айдан бері айлық алмағанын айтады. "Шыдамның да шегі бар" деп шулағандар жұмысты тоқтатып наразылыққа шықты. Себебі, отбасын қалай асыраймыз деп бастары қатқан. Тіпті, жолдың ақысын төлейтін қаражат та қалмады, дейді шағымданушылар.

"Ешқандай медициналық сақтандыру, зейнетақы төленген жоқ. Үйімізде бала-шағамыз бар. Дәрі-дәрмек, коммуналдық төлем, несие өз алдына бар. Жағдайымыз өте қиын болып тұр. Тамақ, жолақы өте  қиын. Мынадай жағдай бұрын болмаған. Басшылық болса күтіңдер деп отыр. Ақша қалай болады, солай аласыңдар деп отыр", – деді Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің қызметкері Жансая Науанова. 


Оқи отырыңыз: Сіз бюджеттік мекемеде жұмыс істейсіз бе? Жалақыңыз биыл қаншаға өскенін біліңіз


Жас спортшыларды жаттықтыратын бапкерлер, мекеменің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзетшілер, кадр бөлімінің мамандары, заңгер бас-аяғы 85 адам жалақыға қол жеткізе алмай жүр. Олар күн сайын қырық сылтау айтатын басшылықтың уәдесінен шаршадық деп мұңдарын шақты.

"Күнде ертеңмен тойдырып келе жатыр басқарма. 20 наурызға дейін береміз деген еді, енді күні кеше бесінші күні береміз деп отыр. Қазір бізде 85 адам жұмыс істейді. Барлығы үш айдан бері жалақысын даулай алмай жүр. Соның салдарынан ауруханаға шыға алмай отырмыз, ақшасыз түк істей алмаймыз", – деді Жоғарғы спорт шеберлігі мектебінің қызметкері Айжан Айдынғалиева. 

Қызметкерлерге еңбек ақыны "әне-міне аласыңдар" деп жүрген шенеуніктер барлық кінәні туризм және спорт министрлігіне сілтеді.

"Бұл жерде енді біздің қателік деп те айта алмаймын. Астана жақтан да, министрліктен де кемшіліктер бар ғой. Ескертпей, реестерге өзгеріс енгізіп жіберіп тұр ғой. Біздер жұмыстанып отырмыз енді. Астанадағылар да істелінеді деп жатыр. Соған сеніп отырмыз. Көп нәрсе жоғары жақтан шешіледі", – деді Атырау облыстық дене шынықтыру спорт және туризм басқармасының бөлім басшысы Тілекқабыл Есдәулетов. 


Оқи отырыңыз: Бір жыл өтсе де, балалар үйіндегі мұғалімдердің жалақысы көтерілмеген


Қызметкерлер апта аяғына дейін айлық алмасақ, прокуратура мен еңбек инспекциясына шағымданамыз деп тарқасты. Жалпы, бұл мектепте 115 бала оқиды. Олар спорттың 6 түрінен шынығады.

Серіктестер жаңалықтары