Тікелей эфир

Аймағамбетов: Ересектерге арналған тегін қазақ тілі курстарын көбейту керек

Депутат "Алиса" мен Siri-дің қазақ тілінде сөйлегені маңызды екенін атап өтті. 

Қазақстанда қазақ тілін үйрететін тегін курстарды көбейтіп, оқыту әдіснамасын дамыту керек, деп мәлімдеді мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

"Қазір қазақ тіліне деген сұраныс артып келеді. Әсіресе, соңғы екі жылда сұраныс күрт артқанын байқай аламыз. Сол себепті бізге қазақ тілін үйрететін, әсіресе ересектерге үйрететін тегін курстар керек. Ол тек жүзбе-жүз өтетін курстар ғана емес, онлайн да болғаны жөн. Себебі көптеген азамат жұмыстан босай алмайды. Оқыту әдіснамасын дамыту керек", – деді депутат.

Бұл ретте Асхат Аймағамбетов курстарды ұйымдастыруға жергілікті деңгейде қосымша қаражат қарастыру керек екенін айтты. 

"Қоғамда қазақ тілін үйренуге өте көп қаражат жұмсалатыны туралы көп айтылады. Мен бір уақыттарда осы мәселемен айналысқан адам ретінде жыл сайын бөлінетін бюджетте тіл басқармаларын қаржыландыру үшін керек ақша, қызметкерлердің еңбекақылары да бар екенін айта аламын. Егер олардың бәрін алып тастап, нақты ересектерге арналған тіл курстарына қанша бөлінетінін қарасақ, мүлдем басқа картинаны көреміз. Сол себепті әсіресе жергілікті деңгейде ересектерге арналған онлайн және офлайн қазақ тілі курстарын ұйымдастыру үшін қосымша қаражат бөлінгені дұрыс", – деді ол.

Сонымен қатар депутат қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін мобильді қосымшалардың қазақ тіліне аударылғаны, "Алиса" мен Siri-дің қазақ тілінде сөйлегені маңызды екенін атап өтті. 


Оқи отырыңыз: Тоқаев: Қоғамда мемлекеттік тілді үйрену, оны білуге ұмтылу қалыпты жағдайға айналуы қажет


Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХХІІ сессиясында тіл мәселесіне қатысты барлық пікірталас этникалық емес, азаматтық және саяси сипатқа ие екенін түсіну маңызды деген еді.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары