Елордада жылу энергиясының тарифін көтеру ұсынылды. Тиісті өтінімдерді "Астана-Энергия" және "Астана-Теплотранзит" коммуналдық кәсіпорындары ұсынды.
"Астана-Энергия" компаниясының түсіндірме жазбасы бойынша, қазір 2026 жылғы 1 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында жылу энергиясын өндіру тарифі 1 гигакалория (Гкал) үшін 2941,54 теңге болып белгіленген. Алайда кәсіпорынның нақты шығындары жоспарланған деңгейден асып кеткен.
Компания мұны отын бағасының айтарлықтай қымбаттауымен, бюджетке төленетін міндетті төлемдер мөлшерлемесінің өзгеруімен және инфляция деңгейінің жоспарланған 3 пайыздан 9–11 пайызға дейін өсуімен түсіндірді.
"Осыған байланысты кәсіпорын тарифті 1 Гкал үшін 3439,42 теңгеге дейін көтеруді ұсынып отыр. Бұл қазіргі мөлшерлемеден 16,9 пайызға жоғары. Егер өтінім мақұлданса, жаңа тариф 16 шілдеден бастап күшіне енеді. Сонымен қатар "Астана-Теплотранзит" компаниясы да жылу энергиясын тасымалдау, тарату және жабдықтау қызметінің тарифін қайта қарауды ұсынды. Қазір бұл қызметтің тарифі қосылған құн салығынсыз 1 Гкал үшін 5665,47 теңгені құрайды. Ал ұсынысқа сәйкес, 16 шілде мен 31 желтоқсан аралығында шекті орташа тариф 6381,08 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бұл қолданыстағы тарифтен 715,61 теңгеге немесе 12,63 пайызға жоғары", – делінген хабарламада.
Компания тарифті көтеру қажеттігін стратегиялық маңызы бар тауарлардың қымбаттауымен және салық төлемдерінің артуымен байланыстырды. Жаңа тарифтер құзырлы органның қарауынан кейін ғана күшіне енеді.